Павлодарда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылады

Павлодарда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде тазалық айлығы 12 қыркүйектен бастау алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық және абаттандыру айлығы басталды. Осы сенбі күні яғни 19 қыркүйек күні сағат 11:00-де Усолка көпірінің ар жағындағы аумақта ауқымды тазалық  жұмыстары ұйымдастырылады. Шара барысында аумақты қоқыстан тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қатысушыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, жиналған қоқысты шығару үшін арнайы техника жұмылдырылады. Тазалық жұмыстарына қатысушыларға палау мен ыстық шай ұсынылады, - делінген хабарламада.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық шаралар қала аумағын таза әрі абаттандырылған күйде ұстауға және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бастамашыл топ қала тұрғындарын экологиялық акцияға белсенді қатысып, Павлодардың тазалығын сақтауға үлес қосуға шақырады.

Айта кетелік, акцияға қатысуға ниетті тұрғындар үшін арнайы көлік қарастырылған. Қатысушылардың жиналатын орны сол күні сағат 10:00-де Кривенко көшесі, 25А мекенжайы.