Павлодарда футбол мерекесі болады

Кіру тегін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
25 сәуір қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін ерекше күн. 2002 жылдың дәл осы күні отандық футбол азиялық «пәтерден» еуропалық «баспанаға» көшті. Біздің УЕФА-ға ауысқан күніміз Қазақстан футболының күні болып белгіленді. Сондықтан Бірінші лиганың үшінші турындағы «Ертіс» пен «Қайрат-Жастар» арасындағы кездесу қосымша маңызға ие.
Әдемі матч, қолайлы уақыт, тегін футбол – нағыз жанкүйерге тағы не керек? Қарсылас, жастығына қарамастан тегеурінді. Иә, алматылық жастар Астанада «SD Family» командасынан жеңіліп, чемпионатты сәтсіз бастады, бірақ «Қайрат» Африкада да «Қайрат».
Бірнеше жыл бұрын клуб иесі Қайрат Боранбаев түлектерін Еуропаға сатамын деп жариялағаны есімізде. Ол кезде көптеген сарапшылар мен жанкүйерлер кәсіпкердің көздеген мақсатына күмәнмен қарады. Ақыры Артур Шушеначев, Мирас Көбеев, Рамазан Оразов сатылды. Ендігі кезекте алматылықтар Дастан Сәтбаевтың лондондық «Челсиге» ауысуын рәсімдеп қойды. Көріп отырғанымыздай, Қайрат Советұлының сөзі мен ісі алшақтамайды.
«Қайрат» – мықты академиясы, заманауи базасы, тарихы, ең бастысы – жүйелі жұмысы бар жалғыз кәсіби жеке қазақстандық футбол клубы. Жыл сайын алматылық түлектер қазақстандық командалардың қатарын толтыруда. «Қайрат-Жастардың» қазіргі құрамында да болашағы зор тұлғалар бар.
Мысалы, команданың диспетчері – Шыңғыс Дүйсенбекті алайық. Жас жігіт алаңда «алтылық нөмірдің» орнын алып, қорғаныс пен шабуыл шебін байланыстырады. Оның ойын стилі Андреа Пирлоны еске түсіреді. Алматылық атақты итальяндық сырт келбетімен де ұқсас: Шыңғыс жасыл майданда ұзын шашымен де, сауатты, парасатты әрекеттерімен, жеңіске деген жігерімен көзге түседі.
Регламентке сәйкес, «Қайрат» жастары ойынға «Қайраттың» негізгі командасынан бірнеше ойыншыны шақыра алады. Осы кезде шапшаң латеральдер Данияр Ташпулатов пен Александр Мрынский көмектесуге әзір. Шабуылда ересек футболға біртіндеп еніп келе жатқан ұзын бойлы Исмаил Бекболатты көретін боламыз.
«Ертіс» үшін ойын қиын болады, дегенмен салқынқанды Қайрат Нұрдәулетов аттас клубтың қызуқанды жас ойыншыларымен кездесуде дұрыс тактика таңдайды деген сенім бар. Чемпионатта павлодарлықтар көш бастап тұр, бірақ қалған екі фаворит «Шахтер» мен «Каспий» да қалыспай тұр. Сондықтан ұпай жоғалтуға әсте болмайды.
Үшінші айналым Екібастұздағы ойынмен басталды. Өкінішке қарай, жергілікті футболшылар қосымша уақытта жеңісті қолдан жіберіп алды. «Екібастұз» - «Ақтөбе М» кездесуі 3:3 есебімен аяқталды.
«Ертіс» пен «Қайрат-Жастар» арасындағы ойын 25 сәуір күні сағат 19:00-де орталық стадионда өтеді. Кіру тегін.