«Ертіс» футболшылары кезекті сенсация жасады

«Ертіс» футболшылары кезекті сенсация жасады
Фото: «Оқжетпес» ФК

Команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін тартысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында павлодарлық «Ертіс» өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпесті» 2:1 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға ие болды.

Талдықорғандағы мардымсыз ойыннан кейін павлодарлықтардың чемпионаттың жоғарғы бөлігінде келе жатқан және қола медальға таласып жатқан қарсыласты жеңетініне көпшілік сене қойған жоқ. Оның үстіне «Оқжетпестің» турнирлік жағдайы да жеңіске деген мотивацияны күшейтті. Үшінші орында тұрған «Астана» «Ордабасыдан» ұтылып, көкшетаулықтарға көшбасшы топқа жақындауға тамаша мүмкіндік берген еді.

Алайда Ринат Әлеуетовтің шәкірттері бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. «Ертіс» кездесуді сенімді өткізіп, команда сапындағы жаңадан келген Лео Калилдің дублі арқасында жеңіске жетті.

Павлодарлықтар үшінші голды да соғуы мүмкін еді. Бірақ Лео Калил пенальтиді жүзеге асыра алмады. Соған қарамастан, бұл жағдай ойын нәтижесіне әсер еткен жоқ — «Ертіс» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл үш ұпай павлодарлық команданың турнирлік кестеде 13-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Қазір «Ертістің» еншісінде 23 ұпай бар.

Команда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресін жалғастыруда. Дегенмен жүлдеге таласып жүрген қарсыласты жеңген кезекті сенсациядан кейін павлодарлықтардың төменгі бөліктегі жағдайы біршама жақсарды.