Павлодарда 70 жастағы зейнеткерлер ағылшын тілі мен компьютер үйренуде

Марғұлан университеті зейнет жасына жеткен ардагерлерге де білім береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қосымша білім беру институты жүзеге асыратын «Күміс университеті» жобасына 68-70 жастағы 120 ардагер қатысады. Олар да қазіргі заманның сұранысына сай қайта білім алып, заманауи технологияны меңгеруде. Сабақ өткен жылдың қазан айында басталған және алдағы мамыр айында аяқталады.
Қосымша білім беру институтының директоры Роза Жаеваның айтуынша, ардагерлердің білімге деген құштарлығы жоғары. Тыңдаушылар қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық, гимнастика, хормен ән айту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыттарында өз білімдерін жетілдіруде.
– Ардагерлер сабаққа өте белсенді қатысуда. Қазірдің өзінде курсқа жазылуға өтініш білдіріп жатқандар бар. Бірақ, оларды келесі маусымға жазып жатырмыз. Яғни, келесі курсқа қазірден бастап тізім құрылуда. Ниет білдіргендердің барлығын қамтуға тырысамыз. Дегенмен, орындар саны шектеулі екенін де естен шығармаған жөн, – деді Роза Жаева.
Қатысушылар бес топқа бөлінген, әр топтың өз жетекшісі бар. Мысалы, қазақ тілі сабағы курсына 13 адам қатысады. Биыл бұл топ «Жалғастырушы топ» деп аталады.
– Қазақ тілі сабағында күнделікті өмірде қолданысқа қажетті сөздерді жаттайды және сөйлем құрауды үйренеді. Сондай-ақ, сәл күрделендіріп, сөз тіркестерін жаттау, сұраққа жауап беру, диалог құрастыру тапсырмалары да бар. Осы арқылы тыңдаушылардың тілін жаттықтырып, қазақ тілін еркін меңгеруге қолайлы жағдай жасалуда, – дейді қазақ тілі тобының жетекшісі Раушан Сағындыққызы.
Курс соңында зейнеткерлер әңгімелесуден өтіп, тест тапсырады.