Павлодардағы мектептердің бірінде ең белсенді жас оқырмандар анықталды

Павлодардағы мектептердің бірінде ең белсенді жас оқырмандар анықталды
Фото: облыстық білім беру басқармасы

Жеңімпаздарға велосипед пен ақшалай сертификаттар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһардағы «Келешек мектеп» жобасы аясында ашылған №47 жалпы орта білім беру мектебінде «Оқуға құштар мектеп» атты ішкі мектеп жобасының қорытындысы шығарылды. Іс-шараға оқушылар, ата-аналар және ұстаздар қатысты.

Жобаның басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және балалар мен жасөспірімдер арасында кітапты насихаттау.

Мектеп директоры Ләйлә Жүсіпова құттықтау сөз сөйлеп, жобаның тек кітап оқитын оқушылар санын көбейту емес, олардың ойлау қабілетін, тіл мәдениетін және талдау дағдыларын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

– Біздің мектеп биыл ғана, қаңтар айында ашылды. Соған қарамастан жоба жақсы нәтиже көрсетті. Оқушылардың қызығушылығы мен ата-аналардың қолдауын көріп отырмыз. Сондықтан бұл бастаманы жыл сайын жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деді директор.

Жобаға 1-11-сынып аралығындағы оқушылар қатысты. Әр жас ерекшелігіне сай көркем әдебиеттер тізімі беріліп, оқушылар шығармаларды оқып, оқырман күнделігін жүргізді, тест тапсырып, талқылауларға қатысты.

Жоба мектепішілік «Сәрсенбілік оқулар» аясында жүзеге асырылды. Ай сайын оқушылар білімін тексеру кезеңдерінен өтті. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, тапсырмалар тек кітап санын емес, оның мазмұнын түсінуге бағытталды. Оқушылар кейіпкерлер әрекетін талдап, мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмалар орындады және оқырман күнделігін қорғады.

Сонымен қатар, оқушылар шығармашылық жұмыстар да дайындады. Олардың қатарында кітап туралы бейнероликтер, буктрейлерлер, сахналық қойылымдар, үй кітапханасын таныстыру және әдеби шығармалар желісі бойынша қойылымдар болды. Отбасылар да әлеуметтік желі форматындағы қысқа видеолар түсіріп, кітап оқу мәдениетін насихаттады.

«Үздік оқырман отбасы» номинациясы бойынша Бөлкеновтер, Әбдірайым және Үсентаевтар отбасылары жеңімпаз атанды. Бағалау кезінде отбасылық кітап оқу белсенділігі, оқырман күнделіктері, үй кітапханасы және шығармашылық жұмыстар ескерілді.

7 «А» - сынып оқушысы Жанайым Болаттың әкесі Алдияр Үсентаев өз отбасында кітап оқу бұрыннан қалыптасқан әдет екенін алға тартты.

– Кешкі уақытта бәріміз бірге кітап оқуға тырысамыз. Одан кейін оқығанымызды талқылап, пікір алмасамыз. Бұл балалардың кітапқа қызығушылығын арттырады, – деді ол.

Отбасы жоба аясында шамамен 20-ға жуық көркем және танымдық кітап оқыған. Олардың ішінде ерекше әсер қалдырған шығарма – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі.

«Үздік оқырман» номинациясы бойынша оқылған кітап саны, оқырман күнделігі, талқылауға қатысу және шығарманы түсіну деңгейі бағаланды.

Нәтижесінде үшінші орынға 7 «А» - сынып оқушысы Аружан Ерсайын, екінші орынға 3 «В» - сынып оқушысы Әлімхан Жанат, ал бірінші орынға 10 «А» - сынып оқушысы Мөлдір Мұратбек ие болды.

Жеңімпаз оқушы кітапқа деген қызығушылығы бала кезден қалыптасқанын айтты.

– Маған кейіпкерлердің іс-әрекетін талдап, өзіме қорытынды жасау ұнайды. Кітап ой-өрісті кеңейтеді, – деді ол.

Шара барысында «Үздік видеотренд» байқауы да өтті. Қатысушылар кітап оқу, отбасылық оқу мәдениеті және әдеби кейіпкерлер туралы қысқа видеолар түсірді.

Сондай-ақ, «Мектепке кітап сыйла» акциясына қатысқан сыныптар алғыс хаттармен марапатталды. Қамқоршылық кеңес мүшелеріне де қолдау көрсеткені үшін алғыс айтылды.

«Үздік оқырман» номинациясының жеңімпазына велосипед табысталды. Ал өзге жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдар, алғыс хаттар және ақшалай сертификаттар алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы оқу жылында да жалғасын табады.