Самал Айтқазина Павлодар облысы білім басқармасы басшысы қызметінен кетті

Самал Айтқазина Павлодар облысы білім басқармасы басшысы қызметінен кетті
Фото: Константин Шелков

Ол аймақтағы білім беру саласында соңғы жылдары атқарылған жұмыстарды атап өтіп, әріптестері мен серіктестеріне алғыс айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы қызметін атқарған Самал Айтқазина жаңа жұмысқа ауысуына байланысты атқарып келген лауазымынан кетті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.

Осы ретте, облыс әкімі Асайын Қуандықұлы Байхановқа білдірген сенімі мен қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, бірге жұмыс жасаған әріптестеріме, ұстаздарға, ардагер педагогтерге, білім беру ұйымдарының басшыларына, ата-аналар қауымына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне және барша серіктестеріме ерекше ризашылығымды білдіремін, – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірде білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, алты жаңа мектеп, екі мектепке жапсаржай, үш қосымша білім беру ұйымы және студенттерге арналған бір жатақхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бір мектеп-интернатының жатақханасы іске қосылды. Қазіргі уақытта бес мектеп пен екі жапсаржайдың құрылысы жалғасып жатыр, оларды жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарлануда.

Өңірде білім беру мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу бойынша 2029 жылға дейінгі жоспар бекітіліп, жыл сайын инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз ету үшін 46 жаңа автобус және балалар үйлеріне сегіз шағын автобус сатып алынды.

Жыл сайын оқушыларымыз халықаралық және республикалық зияткерлік сайыстарда топ жарып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленіп, облысымыздың абыройын асқақтатып келеді. Өткен 2024–2025 оқу жылының қорытындысының өзінде оқушыларымыз 49 халықаралық, 262 республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетіп, жалпы 311 медальді иеленді. Нәтижесінде Павлодар облысының олимпиадалық командасы республика бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына лайық деп танылды, – деп атап өтті Самал Айтқазина.

Бұған қоса, өңірдегі бірқатар мектепке елдің тарихи және көрнекті тұлғаларының есімдері берілді. Павлодар қаласындағы білім ошақтары Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жұмабек Тәшенов, Шапық Шөкин, Бауыржан Момышұлы, Мұзафар Әлімбаев және Ақын Шамкенов есімдерін иеленсе, Ақсу мен Екібастұздағы екі мектепке Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді.

Сонымен қатар, Ақсақалдар алқасы мен қоғамдық жұмыстарда белсенді жұмыс жасап жүрген азаматтармен бірлесіп, мемлекеттік тілде жүргізілетін мектептер желісін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ата-аналардың өтініштері бойынша тұрғылықты мекен жайына жақын, қадамдық жерде орналасқан Павлодар қаласындағы мектептердің барлығында қазақ сыныптары ашылды.

Кәсіптік білім беру бағыты аясында Павлодар облысы елімізде алғаш болып «Мамандық Fest» кәсіптер фестивалін ұйымдастырды. Өңіріміздің бұл тәжірибесі республикаға таратылды. Павлодар облысы WorldSkills Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында бес жыл бойы үздіктер қатарынан көрініп келді.

– Қадірменді оқырмандарым! Бұл – атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Әрине, барлық атқарылған істі бір жарияланымда қамтып шығу мүмкін емес. Білім беру саласының барлық деңгейінде – мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, қосымша білім беру бағыттарында да жеткен жетістіктеріміз жетерлік. Сіздер – осы жетістіктердің де, орын алып жатқан түйіткілді мәселелердің де куәсі, әрі тікелей қатысушыларысыздар. Осы ретте білім саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін рақмет айтамын! Сіздердің еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! – деді Самал Айтқазина.

Қазіргі уақытта Самал Айтқазина Павлодар ауданы әкімінің идеология және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.