Павлодарда «Мәшһүр жол» аудиокітабы жарық көрді

Павлодарда «Мәшһүр жол» аудиокітабы жарық көрді

Белгілі айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаевтың авторлық жобасы «Мәшһүр жол» аудиокітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Айтыскер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Мәдениет саласының үздігі», «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаевтың авторлық жобасы «Мәшһүр жол» аудиокітабының таныстырылымы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті. 

Аудиокітап оқырмандар мен тыңдармандарға ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, ақын, қазақ мәдениетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толуына орай ұсынылып отыр.

Аудиокітап әңгімелер, өлеңдер, этнографиялық мақалалар, қиссадастандар, шығармашылық еңбектер мен философиялық толғамдар сияқты бірнеше бөлімнен тұрады. Шығармалар арнайы студияда оқылып, Аспанбек Шұғатаевтың дауысымен дыбысталып жазылған. Аудиокітапта әдебиеттер көзі ретінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық еңбектері пайдаланылған.

Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары, мәдениет саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар, Павлодар облысының бас имамы, «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі өкілдері, ақын-жазушылар және өзге де құрметті қонақтар қатысты.

- Бүгін қасиетті Ертіс-Баян өңірі үшін маңызды мәдени шараның куәгері болып отырмыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы ұлттың тұғыры екені бәрімізге мәлім. Аспанбек Шұғатаевтың бұл аудиокітабы дара тұлғамыздың шығармашылығын дәріптейтін халықтың рухани мұрасы деп білемін, - деді облыс әкімі. 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дүниетаным турасындағы, өмір, ұлт жайлы толғамдары қазақ халқының баршасына қолжетімді болу үшін цифрлық технологияларды қолдана отырып, аудиокітаптың заманауи үлгідегі мобильдік қосымшасы жасалды. Оны «APPSTORE», «PLAYmarket» қосымшаларынан немесе QR-коды арқылы смартфонға жүктеп, онлайн және офлайн режимдерінде тыңдауға болады. 

- Қазір көбінің кітап оқитын көп уақыты жоқ. Сондықтан заманның талабына сай, біздің қазақ көзімен оқып алмаса да, құлағымен естісін деген ниетпен аудиокітап ретінде шығардық. Бұл кітапты дайындауға 50-60 күн ішінде жазылды. Мәшекеңді бітіру үшін кемінде 5-6 жыл кету керек деп ойлаймын. Әлі де толықтырып тұрамыз. Қазақ өзінің кім екенін тану үшін бірінші дәстүрді жаттау керек, сосын Мәшһүрді жаттау керек, - деді жаңа туындының авторы Аспанбек Шұғатаев.

Айта кетейік, «APPSTORE» қосымшасы алдағы 20 күннің ішінде іске қосылады. Андройд платформасы үшін қосымшалар қазірдің өзінде қолжетімді.

Фото: Есенжол Исабек