Құрақ тігіп, рекорд орнатқан қолөнершілер Екібастұзға келді
Іс-шара тарихи-өлкетану музейінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметінше, «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енген Дамет Балабекова, Айнагүл Қошқарова, Туслан Шарипа, Айжан Балабекова, Нұржан Калабек, Гүлзира Шаблина Екібастұз шеберлерімен кездесті.
– Рекордтар кітабына енген қолөнершілер «Аламан» құрақ көрпесі жобасы аясында Қазақстан Республикасының Рәміздер күніне орай Астана қаласында 500 метрге созылған 200 құрақ тіккен болатын. Оған Қазақстаннан 200 қолөнерші қатысқан. Оның алтауы – біздің жерлестеріміз. Қатысушылардың ішінде ең үлкені – 76 жаста, ал ең кішкентайы 12 жаста болды, – дейді бөлімде.
Кеште Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Медығат Манапов, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Апсаттарова, «Көрпе FEST» жобасының Екібастұз қаласы бойынша жеңімпазы, қажы Дәмет Әміренова, «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ләззат Шушаева, «Қамажай» вокалды ансамблі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, республикалық ұлттық құндылықтар академиясының мүшесі Баян Құрманқызы, «Алтын оймақ» үйірмесінің жетекшісі, Қоянды ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Қазына Алпысбаева қатысып, әсем әннен шашу шашып, өз ойларын ортаға салды.