Павлодар облысында қатты желдің кесірінен жарты ғасырлық ескерткіш құлады
Бұл апаттық жағдай Баянауыл ауданында орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов мәлім етті.
– Ең күшті жел Баянауыл облысында тіркелді – секундына 37 метр. Шарбақты ауданы және Аққулы ауданы секундына 35 және 34 метрден соққан. Ақсуда жел екпіні секундына 32 метрге дейін жетті. Павлодар мен Екібастұзда секундына 29 метр жылдамдықпен жел соқты, – деп атап өтті Серік Батырғожинов.
Оның айтуынша, ең көп зардап аудандардағы әлеуметтік-мәдени нысандар, кәсіпорындар мен жеке тұлғалардың мүліктеріне тиген. Ең аз зардап шеккендер – Ертіс, Железин, Ақтоғай аудандары мен Тереңкөл ауданы. Облыстың қалған тоғыз ауданда төтенше жағдай режимі жарияланды.
– Баянауылда желдің күштілігі сонша, аудан орталығында 50 жыл бойы тұрған стелланы құлатып жіберді. Тіпті трассалар бойындағы электр беру бағаналары да құлаған. Облыста бірде-бір адамның зардап шекпегені қуантады. Мысалы, Ресейдің көршілес облыстарында құрбан болғандар мен жарақат алғандар бар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, облыста 63 көпқабатты тұрғын үй зардап шекті, оның 43-і Екібастұзда, 16-сы Павлодарда, үшеуі Ақсуда. Электр желілерінде болған 246 авариялық ажыратулардың салдарынан 70 653 жеке және 6 678 заңды тұлғаның электр қуаты өшкен болатын.
– Кеше 42 ауыл, бүгін 28 ауыл жарықсыз отыр. Бүгін Баянауыл ауданындағы елді мекендерді қоспағанда, барлық ауылдарда электр жарығы қалпына келтіріледі,– деді Серік Батырғожинов.
Еске сала кетейік,ең көп шығын білім саласының мекемелеріне келтірілді. Бұл саланың 61 мекемесі қатты желден зардап шекті. Ал екінші орында медициналық мекемелер тұр. Бұл салада 10 нысанға залал келтірілді.