Павлодарда жастарға арналған антинаркотикалық квест өтті
Кең ауқымды акция аясында жағалау аумағы үлкен интерактивті алаңға айналып, түрлі тақырыптық станциялар жұмыс істеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық жағалауда Халықаралық нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес күніне орай «Азаттық маршруты» атты квест-ойын ұйымдастырылды.
Қатысушылар логикалық тапсырмалар орындап, командалық бірлік, құқықтық сауаттылық және салауатты өмір салтына қатысты білімдерін сынады.

Квест-ойынға сегіз команда қатысты. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша «ПМК короли» командасы жеңімпаз атанды. Бірінші орын иегерлеріне микрофоны бар караоке-колонка табысталды. Екінші орынды иеленген «КИТ» командасы музыкалық колонкамен марапатталса, үшінші орын алған «Юристы» командасына портативті колонка сыйға берілді.
«КИТ» командасының капитаны, Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Рамазан Иманали мұндай іс-шаралардың жастарды біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызын атап өтті.

– Жүлделі орын алғанымызға қуаныштымыз. Осындай шаралар жастарға пайдалы орта қалыптастырып, белсенді әрі салауатты өмір салтының қызықты екенін көрсетеді, – деді ол.
Ал жеңімпаз атанған «ПМК короли» командасының капитаны, Павлодар монтаж колледжінің студенті Евгений Лихота квесттің ерекше әсер қалдырғанын айтты.
– Квест өте қызықты әрі тартымды өтті. Әр станция мазмұнды әрі танымдық тұрғыдан пайдалы болды. Әсіресе тапсырмалардың ұйымшылдық пен тапқырлықты талап еткені ұнады, – деді студент.

Іс-шара ұйымдастырушыларының бірі «Сергек өмір салты үшін жастар» ЖҚБ жетекшісі Диас Сағитовтың айтуынша, квест-ойын антинаркотикалық айлық аясында өткізілген.
– Алдағы уақытта жастарға арналған түрлі квиз-ойындар, спорттық және шығармашылық шаралар, «Тартыл Fest» секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі квест Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен өтті, – деді ол.

Квест-ойынды өткізуге Павлодар облысының өңірлік волонтёрлік фронт-офисі, Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы, Қызыл Жарты Ай еріктілері, «Ашық жүрек» еріктілері және №11 мектептің волонтёрлері атсалысты.
Іс-шара Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жастар СӨС үшін» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.