Павлодарда мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналасқан тұрғындардың саны артқан

Павлодарда мансап орталықтары арқылы жұмысқа орналасқан тұрғындардың саны артқан
Фото: Константин Шелков

Өткен жылы мансап орталықтары арқылы 900-ге жуық адам қызметке тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Бүгінде мансап орталықтары арқылы шамамен 1100 адам жұмысқа орналастырылды. Олар негізінен әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарда, нақтырақ айтқанда, қысқа мерзімді вахталық немесе курьерлік жұмыста қызмет атқарады, – Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова.

Басшының сөзінше, заңнамада мүгедектігі бар адамды жұмысқа орналастыруға міндетті екендігі туралы кәсіпорындардың нақты міндеттемесі жоқ. Алайда облыста 2024 жылға мүгедектігі бар адамдар үшін 226 кәсіпорын мен ұйымда 1299 жұмыс орнына квота белгіленді. Аталмыш квота бойынша жұмысқа орналасуға міндеттелінеді. Азаматтардың осы санатына жататын адамдарға жұмыс ұсына алатын кәсіпорындар анықталды. Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша квота 565 адамға немесе 43,5 пайызға орындалды. 

– Жұмыс берушілер мен жарымжан адамдардың көп болуына байланысты Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында  мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру – әлеуметтік қорғау шараларының бірі ретінде қарастырылған. 2024 жылы тоғыз жұмыс орны ұйымдастырылды: Павлодар қаласындағы «Адам-ПВ» ҚБ – 3, Екібастұз қаласындағы «Үміт» ҚҚ – 3, Ақсу қаласындағы «TR Energy Company» ЖШС – 2, «Альхалик» ЖК – 1, – деді Альмира Дисюпова.

Еске сала кетейік,  ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтар болып қайта құрылды.