Павлодарлық кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында мейрамхана бизнесін кеңейтуде

Павлодарлық кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында мейрамхана бизнесін кеңейтуде
Фото:РСК

Ол Aqbota Saraiy мейрамхана кешенінен бөлек, тағы бір жаңа нысанның құрылысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кәсіпкер Самат Болатбектің айтуынша, алғашқы мейрамхананы ашу үшін 2021 жылы ForteBank арқылы 49 миллион теңге көлемінде инвестициялық несие алған. Қаражат ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына, дизайнерлік жұмыстарға, асүй және басқа да қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған. Жобаға «Даму» қоры да қолдау көрсетіп, 16 миллион теңгеден астам кепілдік берген. Субсидиялау есебінен несие бойынша кәсіпкер үшін сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызды құраған.

Бүгінде Aqbota Saraiy-ында 300 және 100 адамға арналған екі кең зал бар. Мұнда той, мерейтой, отбасылық мерекелер мен корпоративтік шаралар өткізіледі. Мейрамхананың негізгі мәзірі еуропалық тағамдардан тұрады. Сонымен қатар, келушілердің қалауы да ескеріледі.

Мейрамхана қала тұрғындарымен қатар, ауылдардан және Екібастұздан келген қонақтарға да қызмет көрсетеді. Кәсіпкердің сөзінше, нысанның орналасқан жері, кең автотұрағы, балаларға арналған шағын ойын алаңы және бағаның қолжетімді болуы келушілер үшін маңызды.

Қазіргі таңда Aqbota Saraiy-ында 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Маусым кезінде қызметкерлер саны 30-40 адамға дейін артады.

Кәсіпкер мейрамханаға деген сұраныстың бар екенін айтып, қызмет көрсету бағасын тұрғындардың мүмкіндігіне қарай қалыптастыруға тырысатынын жеткізді.

–  Қалаға сәл алыстау орналасқанымызбен, сұраныс бар. Біз бағаны қолжетімді етіп, халықтың қалтасына қарай келісіммен жұмыс істейміз. Бастысы – келушілерге сапалы қызмет көрсету, – дейді Самат Болатбек. 

Сұраныстың артуы кәсіпкерді жаңа жобаны қолға алуға ынталандырған. Қазір жаңа мейрамхана ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Нысанның сыртқы жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа кешен 500 адамға есептелген.

Жобаны жүзеге асыру үшін 2026 жылы «Іскер аймақ» бірыңғай шағын бизнесті қолдау бағдарламасы аясында Bank RBK арқылы 200 миллион теңге көлемінде инвестициялық несие алынған. Қаражат жаңа мейрамхананың құрылысы мен ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарына бағытталуда. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайызды құрайды.

Жаңа кешенді 2027 жылдың жаз айларында іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпкер жаңа нысан ашылғаннан кейін тұрақты түрде 50-60 адамды жұмыспен қамтып, маусым кезінде қызметкерлер санын 100 адамға дейін жеткізуді көздеп отыр.

– Жаңа мейрамхананы заманауи үлгіде ашып, халыққа сапалы қызмет көрсеткіміз келеді.  Биыл алған инвестициялық несие қаражатын құрылысқа, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына жұмсап жатырмыз. Бұл ретте «Даму» қоры мен «Іскер аймақ» бағдарламасының қолдауы біз үшін маңызды, – деді кәсіпкер.

Жаңа мейрамхананың іске қосылуы Павлодардағы қоғамдық тамақтану және мерекелік қызмет көрсету саласын кеңейтіп қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.