Құжатсыз мопед тізгіндеген Павлодар ауданының тұрғыны жазаланды

Құжатсыз мопед тізгіндеген Павлодар ауданының тұрғыны жазаланды
Фото: Константин Шелков

Жаз мезгілінде жолдарда мотоцикл, мопед және скутер жүргізушілерінің саны күрт артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Аудан аумағында мото және велокөлік жүргізушілері жиі ереже бұзатындықтан, полиция өкілдері жаз басталғалы рейд жұмыстарын күшейтті. Көлік құралдарын басқару ережелерін түсіндіру, қауіпсіздікті сақтау бойынша ақпараттық жұмыс жүргізілуде.

– Мысалы, Госплемстанция ауылында Sonlink маркалы мопед жүргізушісі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сол секілді Набережное ауылында да осыған ұқсас құқық бұзушылық анықталып, тәртіп сақшылары әкімшілік шара қабылдады, – деді облыстық полиция департаментінде. 

Полиция қызметкерлері квадроцикл, мопед, скутер және мотоциклдерді тек 16 жастан асқан, А1 санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жүргізе алатынын еске салады. Жол ережесіне сәйкес, жол жүру бөлігіне велосипедпен шығуды 14 жастан асқан адамдар, ал скутер мен мопедте  16 жастан бастап жүзеге асыра алады. 

– Жүргізуші мен жолаушы міндетті түрде арнайы дулыға киіп, қорғаныс құралдарын пайдалануы тиіс, – деді департаментте. 

Тәртіп сақшылары жазғы кезеңде мото және велокөлік иелеріне ерекше назар аударатынын және қауіпсіздік ережелерін елемеу тек жүргізушіге емес, айналадағы адамдарға да қауіп төндіретінін ескертеді.