Павлодарда «103» қызметкерлері ер адамды клиникалық өлімнен аман алып қалды

Павлодарда «103» қызметкерлері ер адамды клиникалық өлімнен аман алып қалды

Жүрегі тоқтаған ер адамға дефибриллятор көмегімен реанимация жүргізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 22 ақпан күні болған. 

– 45 жастағы павлодарлық азамат дем жетіспеушілігіне шағымданып, жедел жәрдем шақырды. Өкпе артериясының эмболиясына күдікпен ер адамды ауруханаға жатқызуға шешім қабылданды, – деді баспасөз қызметінде.

Жедел жәрдем көлігінде науқастың жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайына түскен. Шақыруға барған реанимациялық бригада дереу реанимациялық шараларды  орындауға кіріскен. 

– Дәрігерлер дефибрилляторды қолданғаннан кейін павлодарлықтың жүрегін «іске» қоса алды. Ол ауыр жағдайда жақын жердегі №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Бүгінде ер адамның жағдайы тұрақты. Реанимациядан терапия бөліміне ауыстырылды, –  деді баспасөз қызметінде.

Айта кетейік, бұл – жыл басынан бері павлодарлық «103» қызметкерлері жүргізген төртінші сәтті реанимация. Облыстық жедел жәрдем станциясында әртүрлі жағдайларға арналған реанимациялық жәрдемді барлық қызметкерлер орындайды. Осының арқасында тасымалдау кезінде өлімнен құтқару мүмкіндігі  бар.

Фото: ашық дереккөздерден