Павлодардың әзілі Сочидегі халықаралық сахнада қойылды
Павлодарлық «Мы Ща Выйдем» көңілді тапқырлар командасы «КиВиН-2026» халықаралық фестивалінің екінші кезеңіне өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлықтар 615 қатысушының арасынан іріктелген 79 үздік команданың қатарына енді. Бұл жетістік оларға Халықаралық КТК одағының жетекші лигалары маусымындағы ойындарға қатысуға мүмкіндік береді.
Команданың бұған дейін де жетістіктері бар. Олар ресми «Ертіс» лигасының екі дүркін чемпионы атанған, сондай-ақ «КТК-Сібір» лигасын жеңіп алған. Сочидегі фестивальге павлодарлық әзілкештер екінші рет қатысып отыр. Бұл жолы олар өткен жылғы өнерімен салыстырғанда дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

«КиВиН» фестивалінің бірінші кезеңі шамамен бір аптаға созылады. Бұл кезеңде жоғары деңгейлі лигаларға жолдама алатын командалар анықталады. Қатысушылар бес жарым минутқа дейінгі еркін форматтағы бір байқау көрсетеді. Осы уақыт ішінде олар үздік әзілдерін ұсынып, редакторларды салмақты ойындарға дайын екеніне сендіруі тиіс.
Екінші кезеңге ең мықты ұжымдар өтеді. Ол екі күнге жалғасады. Бұл сатыда редакторлармен қатар «АМиК» телевизиялық шығармашылық бірлестігінің бас директоры Александр Масляковтың қатысуымен бағалау жүргізіледі. Нәтижесінде Жоғары лига, Премьер-лига және Бірінші лига құрамдары жасақталады.
Команда капитаны Асхат Қажымұхановтың айтуынша, нәтижеге жетуге материалмен тұрақты жұмыс істеу көмектескен.

– Біз Сочиге екінші рет келіп отырмыз және көрерменге қандай әзіл өтетінін жақсы түсінеміз. Әрбір бос уақытымызды дайындығымызға арнадық, – деді капитан.
Команда колоритті, өзіндік ерекшелігі бар, қалыптан тыс қазақы юморға басымдық берген.
Ресми «Ертіс» КТК лигасының директоры Александр Сороканың айтуынша, кез келген әзіл дұрыс құрастырылып, сәтті ұсынылса ғана нәтижелі болады. Әр әзілдің өз уақыты мен орны бар. Ең бастысы – оның дәл сол сәтте әсерлі шығуына қол жеткізу. КТК ойынының ерекшелігі де осында: кім уақытын дәл тапса, сол жеңіске жетеді.
Ол сондай-ақ табыстың команданың тәжірибесі мен юморға деген ерекше көзқарасына байланысты екенін атап өтті.

– Жаңадан бастаған командаларға көкжиегін кеңейтіп, юморды тереңірек зерттеу маңызды. Әйтпесе әзіл үстірт болып қалады. Қай тақырыпта әзілдейтіні маңызды емес, бастысы – мазмұнын түсініп, соған сай жұмыс істеу. TikTok немесе жасанды интеллект секілді заманауи құралдар шынайы еңбекті алмастыра алмайды. Юмор – дайын шаблон емес, ол команданың өз еңбегімен туады, – деді Александр Сорока.
Лига директорының айтуынша, команданың екінші кезеңге өтуі – олардың дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанын және юморының сұранысқа ие екенін көрсетеді. Енді павлодарлықтар Халықаралық КТК одағының орталық лигаларында өнер көрсетіп, редакторлар арасында танымал бола алады.
Павлодарлық әзілкештердің келесі өнер көрсетуі 29 наурыз күні Естай атындағы мәдениет сарайында өтетін «Ертіс» ресми лигасының республикалық фестивалінде жоспарланған.