Павлодарлық орманшылар тұрғындардан еліктің төлдерін қолға алмауды сұрайды
Жаңа туған еліктерге адамдардың мейірімділігінен қауіп төнуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ертіс орманы» резерватының мәліметінше, мамыр мен маусым айларында еліктер төлдейді.
– Жаңа туған еліктің баласының салмағы 1,5 килограмға да жетпейді. Әлсіздігінен анасының артынан еріп жүре алмайды. Сондықтан алғашқы бірнеше апта еліктің төлдері қалың шөптің арасында тығылып, көрінбей жатады, – деді резерватта.
Орманшылардың айтуынша, адамдардың шамадан тыс қамқорлығының салдарынан еліктің балаларына қауіп төнуі мүмкін.
– Тұрғындар шөптің үстінде жападан жалғыз жатқан елікті көргенде аяушылық білдіріп, оны ата-анасы тастап кетті деп ойлайды. Бірақ шынында еліктің анасы өз баласын тастап кетпей, жақын маңда жайылып жүреді. Бұл жыртқыштардан қорғану үшін керек. Себебі, еліктің анасы өзінің иісімен жыртқыштарды тарта алады. Сондықтан адамдар да еліктің баласын қолға көтеріп, ұстамау керек. Елікке адамның иісі тез сіңіп кетеді, – дейді орманшылар.
Еліктің анасы күніне 3-4 рет баласына тамақ беру үшін келеді, себебі жаңа туған елік өздігінен тамақтана алмайды. Егер егіз туса, анасы балаларын бөлек емізеді, яғни төлдер екі жақта бөлек жатады. Орманшылардың сөзінше, еліктер тез өседі. Олар күзге қарай күшін жинап алады.