Павлодарлық полицейлер тергеу бойынша үздіктердің қатарында

Павлодарлық полицейлер тергеу бойынша үздіктердің қатарында
Фото: ӨКҚ

Олар сотқа орын алған заңбұзушылықтардың 40 пайызға жуығын жіберген, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен конференцияда облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Сафуан Жампейісов мәлім етті. 

– Тергеушілер мен анықтаушылар тергеу жүргізіп, сотқа 1238 істі жіберді. Дәлірек айтқанда, бұл – барлық орын алған заңбұзушылықтардың 38,74 пайызы. Бұл көрсеткіш республика бойынша Астана, Алматы және Қарағанды сияқты ірі қалалардан кейінгі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады, – дейді Сафуан Жампейісов. 

Айта кету керек, ағымдағы жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы 16 маусымда күшіне енген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Сонымен қатар, қылмыстық кодекске вейптердің заңсыз айналымына, 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы қудалауға, суицидті насихаттауға қатысты заңнамалар енгізілді. 

16 маусымнан бастап бүгінгі күнге дейін жаңадан енгізілген баптар бойынша 135 құқық бұзушылық тіркелді. 112 іс жүргізу аяқталды, оның ішінде 26 іс сотқа жіберілді, 86 іс тоқтатылды.