Павлодарлық полицей самбодан боз кілемде алысып, медаль ұтты

Павлодарлық полицей самбодан боз кілемде алысып, медаль ұтты
Фото: облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

Қарағандыда өткен ересектер арасындағы самбо және жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионатында павлодарлық полицей Еркебұлан Егінбаев жүлделі үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 98 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ол елдің мықты балуандарымен белдесіп, бес тартысты кездесудің қорытындысы бойынша қола медаль жеңіп алды. Қарсыластарының арасында тәжірибелі, разрядты спортшылар көп болған.

– Самбо тек физикалық дайындықты емес, психологиялық және зияткерлік қабілетті де талап ететін спорт. Әр белдесу үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл жолы қола жүлдеге қол жеткіздім, ал келесі жарыста алтын үшін күресемін, – дейді Еркебұлан Егінбаев.

32 жастағы спортшы ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері қызмет етеді. Самбомен бала кезінен айналысып келеді, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлде алған. Ол – жауынгерлік самбодан Азия кубогының чемпионы.

Павлодарлық полицейдің бұл жетістігі өңір спорты үшін маңызды табыс саналады.