Павлодарлық муайтай шеберлері халықаралық додада топ жарды

Павлодарлық муайтай шеберлері халықаралық додада топ жарды
Фото: «Жігер» спорт клубының баспасөз қызметі

Спортшылар жарыстан бөлек, демалып, шетелдік құрдастарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ыстықкөл жағалауында өткен «Қырғызстанның інжу-маржаны» халықаралық спорт фестивалі өз мәресіне жетті. Жарысқа Қазақстан мен өзге елдерден келген 300-ге жуық спортшы қатысты.

Павлодарлық «Жігер» спорт клубының муайтай бағытындағы тәрбиеленушілері бұл додада ерекше көзге түсіп, жалпы қоржынға бес жүлде салды. Алтын медальді Әлихан Амантай мен Арлан Серікұлы жеңіп алса, күміс жүлде Тимофей Кравченкоға бұйырды. Ал қола медальді Нұрсұлтан Даниял мен Нұрислам Нұрғазинов иеленді.

Жарыстан бөлек, жас спортшылар Ыстықкөлде тынығып, шет елдерден келген замандастарымен достық байланыс орнатуға мүмкіндік алды. 

Команда бапкері Дамир Фатхутдинов шәкірттерінің халықаралық деңгейде жоғары дайындық пен ерік-жігер көрсеткенін айтып, оларға зор мақтанышпен қарайтынын жеткізді.