Павлодарлық жедел жәрдем мамандары республикалық чемпионатта жүлдегер атанды

Павлодарлық жедел жәрдем мамандары республикалық чемпионатта жүлдегер атанды
Фото: Облыстық жедел жәрдем станциясынан

Ауқымды шараға Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның медицина қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жедел жәрдем бригадаларының II республикалық чемпионаты Жамбыл облысында өтті. Жарысқа 27 команда — Қазақстанның әр өңірінен келген медициналық бригадалар, сондай-ақ Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның 103 қызметінің өкілдері қатысты. Кәсіби сайысты Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы жедел медициналық жәрдем қауымдастығы ұйымдастырды.

Үш күн бойы чемпионатқа қатысушылар тәжірибелік сынақтардан өтіп, шұғыл медициналық көмек көрсету кезіндегі білімдерін, шешім қабылдау жылдамдығын және жеделдігін көрсетті. Медиктер ересектерді кеңейтілген реанимациялау, балалар мен жасөспірімдерге шұғыл көмек көрсету, босандыру және нәрестелерді реанимациялау, жарақат кезіндегі госпитальға дейінгі көмек және пациенттерді медициналық сұрыптау сияқты дағдыларын паш етті. Жарыс жедел жәрдем мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруға, медициналық бригадалардың түрлі клиникалық жағдайларда жұмыс істеуге дайындығын шыңдауға, сондай-ақ Қазақстан мен шет елдер мамандары арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталды.

Чемпионатта Павлодар облысының намысын төрт маман қорғады. Олар — Ақсу қаласындағы 103 подстанциясының меңгерушісі Назира Баймұқашева, дәрігер Шейхислам Құрманғалиев, фельдшерлер Алмат Шақанов пен Сания Манапова. Кәсіби дайындық пен іс-әрекеттің үйлесімділігінің арқасында павлодарлық команда үшінші орынға ие болып, қола медальға қол жеткізді.

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, жыл сайын мұндай кәсіби сайыстарда бәсекелестік артып, сынақ сценарийлері күрделеніп, шынайы төтенше жағдайларға максималды түрде жақындай түсуде. Халықаралық деңгейдегі бұл марапат — павлодарлық 103 қызметінің қоржынындағы кезекті жүлде ғана емес, өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығы өз ісінің нағыз шеберлерінің қолында екендігінің айқын дәлелі.