Павлодарда бір ота азаппен күн кешкен зейнеткердің өмірін өзгертті

Павлодарда бір ота азаппен күн кешкен зейнеткердің өмірін өзгертті
Фото: Алексей Мехедов

Ер адамның жамбас буыны тегін алмастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық 66 жастағы Владимир Герман екі жылдан астам уақыт бойы аяқтарының қатты ауырғанына шағымданып келген. Оның айтуынша, алдымен бір аяғы, кейін екіншісі ауыра бастаған, ал кейіннен екі аяғы да қатты сырқыраған.

– Азапты ауырсынуларды еске алу қорқынышты. Денем сау сияқты, ал белден төмен қарай бөтен, ауру дене секілді еді. Түрлі майлар сатып алып жақтым, жамбас буындарыма дәрілер салдырдым, түрлі ем-дом жасаттым – бәрі уақытша көмектесті. Бір сәтте тіпті жүре алмай қаламын ба деп қорықтым,– дейді Владимир Герман. 

Павлодарлық тұрғынға ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды. 

– Әрине, операциядан кейін алғашқы күні қатты ауырды. Бірақ қазір балдаққа сүйеніп жүре бастадым, өмірге деген құлшынысым оралды. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – деп ризашылығын білдірді ол. 

Облыстық Сұлтанов атындағы аурухананың травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Андрей Пороховойдың айтуынша, мұндай аурулар әдетте жамбас буындарындағы ауырсынудан басталады, кейін қозғалыс шектеледі.

– Науқастарға өзін күту қиындайды: аяқ киім, шұлық кию, бұрылу – мұның бәрі үлкен қиындық туғызады. Ауыр жағдайларда буын толығымен бұзылып, әр қозғалыс қатты ауырсыну тудырады. Мұндайда эндопротездеу көмек болады, – дейді дәрігер.

Аурудың себептері әртүрлі: жасқа байланысты өзгерістер, тұқымқуалаушылық, қант диабеті, ревматоидты артрит, қан айналымының бұзылуы және тіпті постковидтік асқынулар да әсер етеді. 

– Ковидтен кейін көптеген науқастарда тамырлардың тромбозы болып, буынның басы бұзылған жағдайлар кездесті. Сондай-ақ, ХХІ ғасырдың дерті – семіздік те басты себептердің бірі. Артық салмақ буындардың тез тозуына әкеледі, – дейді Андрей Пороховой.

Жаңа буын титан, хром және никель қоспасынан жасалады. Өндірушілер оған 15 жылға дейін кепілдік береді. Бірақ дәрігердің айтуынша, оның қызмет ету мерзімі науқастың өмір салтына да байланысты.

– Имплант науқастың сүйегіне орнатылады. Егер адам салмағы ауыр болса және қимыл-қозғалысы, шалт қимылы көп болса, ол тез тозады. Ал артық салмаққа жол бермей, жаяу жүріске күш салмай, денсаулығын күтсе бір имплант 25–30 жылға дейін қызмет етеді. Менің тәжірибемде эндопротездеуден кейін жүгіріп жүрген науқастар да бар. Бірақ біз әрдайым ескертеміз: отаның мақсаты – ауырсынуды жою және өмір сапасын жақсарту,– деп түсіндірді дәрігер.

Операцияның ұзақтығы – шамамен 1,5–2 сағат, күрделілігіне байланысты. Мұндай операцияны ақылы түрде жасау шамамен 1,5 миллион теңге тұрады, себебі импорттық импланттар өте қымбат.

Дәрігердің айтуынша, көптеген науқас ауырсыну бел аймағынан басталғанда, оны остеохондроз деп ойлап, өздігінен немесе терапевтке барып емделе бастайды.

– Олар айлап дәрі ішіп, физиопроцедуралар алады, бірақ ешқандай нәтиже көрмейді. Тек жамбас буындарының рентгені жасалғанда ғана мәселе белгілі болып, ортопедке жіберіледі, – дейді маман.

Облыстық ауруханада мұндай операциялар МӘМС аясында квота бойынша жүргізіледі. Күніне екі-үш ота жасалады. Алайда кезек көп болғандықтан, дәрігерлер науқастарға дер кезінде мамандарға жүгінуге кеңес береді.