Павлодар облысында екі білім беру бөлімінің басшыларына тәртіптік жаза қолдану ұсынылды
Бұзушылықтар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау барысында анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әдеп жөніндегі өңірлік кеңеске Павлодар және Аққулы аудандары білім бөлімдерінің басшылары Зәуреш Қалиева мен Ерсін Еркенов шақырылды.
Өткен жылы «Градстройсервис» ЖШС Кеңес негізгі мектебі, Аққулы ауданының екі жалпы орта білім беру мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Мердігер шарт бойынша белгіленген мерзімде жұмысты аяқтап үлгермеген. Жұмыстар кейінірек аяқталғанымен, компанияны 2022 жылдың қыркүйегінде жосықсыз мердігер деп тану үшін сотқа шағым түсірілген.
– Егер мердігер мерзімдерін бұзса, тапсырыс беруші талап қоюға міндеті. Бөлім басшылары бұл міндетті орындады. Бірақ олардың әрі қарайғы әрекеттері қисынсыз. Олар мердігерге жұмысты аяқтауға уақыт береді, содан кейін онымен бітімгершілік келісім жасайды. Сотта мердігерді жосықсыз деп тануға не кедергі болды, неге олармен медиативтік келісім жасасуға шешім қабылдады? - деп сұрады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Медет Амралинов.
Зәуреш Қалиеваның айтуынша, сотта мердігермен бітімгершілік келісім жасасу ұсынылған, себебі жауапкер талап бойынша барлық шарттарды орындау міндетін алған.
Мұндай жағдай Аққулы ауданында да орын алған. Мектептерде жөндеу жұмыстары 2022 жылдың желтоқсанына дейін жүргізілген, ал аталған мерзімде балалар сол ғимараттарда оқыған. 2022 жылдың желтоқсанында Павлодар білім бөлімі бітімгершілік келісім жасасып, жауапкер 1,5 миллион теңгеден астам тұрақсыздық айыбын төлеген.
Әдеп жөніндегі кеңес Павлодар және Аққулы ауданының әкімдеріне Зәуреш Қалиева мен Ерсін Еркеновке қатысты қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.