Павлодар облысында білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайындықты жеделдетті

Павлодар облысында білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайындықты жеделдетті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірдегі білім беру мекемелерінде жөндеу жұмыстары мамыр айының соңында басталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім беру басқармасының мәліметінше, оларды 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Басқарма басшысының орынбасары Әлия Әубәкірова атап өткендей, биыл өңірде 33 мектеп, сегіз балабақша және бір шағын орталық жөнделеді. Бүгінгі күні барлық нысандарда мердігерлер анықталып, жұмыстардың орындалу деңгейі 50 пайыздан асты. Бір мектептегі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Қалған нысандардағы жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүріп жатыр, кешігу жоқ.

– Облыста барлығы 359 мектеп жұмыс істейді, оның 269-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Павлодар қаласындағы «Достық» шағын ауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, №47 мектептің 600 орындық ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр, – дейді Әлия Әубәкірова. 

Бұдан бөлек, өңірде мектептері жоқ және тиісті деңгейдегі білім беру ұйымдары жоқ 78 елді мекеннен 2138 оқушыны 87 мектепке тасымалдау ұйымдастырылған. Сегіз мектеп жанындағы интернаттарға 43 бала аптасына бір рет жеткізіліп отырады. Оқушыларды тасымалдауды қамтамасыз ету үшін биыл автобус паркі 46 жаңа техникамен толықтырылды.

Айта кетейік, облыста апатты мектептер жоқ. Жаңа оқу жылына дайындық барлық білім беру нысандарында уақтылы және толық көлемде аяқталмақ.