Павлодарлық этнос өкілі: Жаңа сөздерді жазып, тоңазытқышқа іліп қоятынмын
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада этнос өкілдері арасындағы «Мен қазақша сөйлеймін!» облыстық акциясының жеңімпаздары мен қатысушыларын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараны ұйымдастырушы – облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы. Қазақстан халқы тілдері күніне орай және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде өткен конкурстың мақсаты – өңірімізде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қолданылу аясын кеңейту және әлеуметтік рөлін арттыру, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін ынталандыру.
Акция ережесінің талаптарына сәйкес қатысушылар бес минуттық бейнероликтарында өздерін таныстырып, қазақ тілін қашан және қалай меңгергендігі жайлы айтты. Сонымен қатар бейнеролик барысында қазақ халқынан шыққан танымал ақындардың өлеңдерінен үзінді жатқа айтып, өнерлерін көрсетті.
Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орынды жеңіп алған Павлодар қаласының қатысушысы Зура Кенжебаеваның ұлты – шешен. Павлодар техникалық-сервис колледжінде оқу ісі бойынша басшының орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып жұмыс істейді.
– Мен қазақ ауылында туып-өсіп, қазақ тілінде білім беретін мектеп пен жоғары оқу орнын аяқтадым. Тіл үйренуге ниеттенген адам сол тілдің өзіне не үшін керек екенін анықтап алып, мақсат қою керек. Мысалы, бұл мамандығыммен тікелей байланысты болғандықтан әрі ата-бабаларымыздың мол мұрасын жарыққа шығару, өскелең ұрпақтың бойына Абай, Құнанбай, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабаларымыздың мұраларын сіңіру мақсатында қазақ тілін тереңірек үйрендім. Кез келген істі сүйсініп істесе, сонда ғана жақсы нәтиже болады, – дейді ол.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы тілді үйренгенде сөйлесетін ортаның болғаны маңызды екенін айтады.
– Бүгінде 21 ғасырда тіл үйрену бойынша түрлі контенттер, курстар, бағдарламалар бар. Барлығы адамның өзіне байланысты. Қазіргі таңда көбі жұмысбасты, дегенмен сол еріншектікті жеңіп, күніне, аптасына уақыт бөлсе, қазақ тілін үйрену жеңіл болар еді. Мен өзім ағылшын және қазақ тілдерін үйренгенде жаңа сөздерді жазып, тоңазытқышқа, шкафтарға іліп қоятынмын. Себебі, көріп отырып қабылдауым керек. Тәжірибеде үйренген сөздерді бекіту үшін жаныңызда қазақ тілінде сөйлесетін адам болу керек, – дейді Зура Кенжебаева.
II орынға Ақсу қаласының үміткері Айгерім Шанышпаева, III орынға Май ауданының қатысушысы Оттилья Тілеубекова лайықты деп танылды.
Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және Алғыс хаттармен марапатталды.