Дара жол: Екібастұздық оқушылар танымал тұлғалармен кездесті
Олардың ішінде қала әкімі де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда қала әкімі Аян Бейсекин мен балалардың өзін-өзі басқару ұйымы жетекшілерінің бастамасымен «Дара жол» өңірлік жобасы қарқын алуда. Жоба аясындағы әрбір кездесу жоғары сынып оқушыларын жетістікке жеткен және оқушылар үшін қызықты танымал тұлғалармен таныстырады.
«Дара жол» бағдарламасының дәстүрлі кезекті кездесуі №36 лицей-мектебінде өтті. Бағдарламаның кезекті қонағы – кәсіпкер, волонтер, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Ләйлә Қасыманова жасөспірімдермен жеткен табыстарының сырымен бөлісті.
– Табанды болыңыздар және мақсаттарыңызға жету жолында еш мойымаңыздар, – деді Лейла Қасыманова жастарға.
Кәсіпкер мектеп оқушыларының қызығушылық танытқан сұрақтарына жауап беріп, жетістікке жетудің формуласымен бөлісті, көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша кеңестер берді. Сонымен қатар, № 36 мектептің музыкалық тобына екі заманауи электрогитара сыйлады.
Оқушылар қазірдің өзінде әлемге әйгілі 5518 Studios ойын студиясының негізін қалаушы Максим Михеенко, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, әйгілі кеншілер әулетінің негізін қалаушы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Рысшат Әміренов, Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Самат Рамазанов және басқа да танымал тұлғалармен кездесу өткізіп үлгерді.