Павлодарлық опера әншісі қазақстандықтарды «Травиатаға» шақырды
Ұлы композитор Джузеппе Вердидің «Травиата» операсы дарынды дирижер Алан Бөрібаевтың басқаруымен сахналанады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық опера әншісі, халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген Мария Мудряк 5 сәуір күні елордадағы «Astana Opera» театрында өтетін «Травиата» спектакліне қазақстандықтарды шақырды. Бұл кеште ол Виолетта партиясын орындайды.
Мария Мудряк үшін туған елдегі өнер көрсету — ерекше жауапкершілік әрі үлкен қуаныш. Әншінің айтуынша, туған күнін Қазақстан сахнасында қарсы алу игі дәстүрге айналған.
— Қадірлі көрермен, сіздерді театрда асыға күтемін. Туған сахнамда Виолеттамды сіздерге арнау — мен үшін үлкен бақыт, — деді ол.
Жорж Жермон партиясын Талғат Мұсабаев, ал Альфред рөлін испан теноры Жоэль Прието орындайды.