Тереңкөл ауданында өткен айтыста әріптесіміз топ жарды

Тереңкөл ауданында өткен айтыста әріптесіміз топ жарды

Бүгін ауданның 95 жылдығына орай облыстық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Тереңкөл ауданының әкімдігінің қолдауымен, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Халықаралық одағы» Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен және келісімімен өткен «Тереңкөл – тектілер мекені» атты айтыс Тереңкөл ауданының 95 жылдығына арналды. 

Додаға түскен 10 ақын ауданның тарихын, ірі тұлғаларын, жетістіктерін жырға қосты. 

- Облыстың әр ауданынан келген ақындарға алғыс айтамын. Ауданымызда айтыс өтпегеніне он жылдай болып қалыпты. Бүгін ақындар өнерлерін көрсетіп, халықты риза қылды. Бұл айтыс — аудан мерейтойына арналған шаралардың басы, - деді айтысты бастан-аяқ тамашалаған аудан әкімі Азамат Маңғұтов. 

Ақын, жазушы, ҚР жазушылар одағының мүшесі Амантай Тойшыбайұлы бастаған қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Шарбақты ауданының ақыны, Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Оразбек Саяхат жеңіп алды. 

Ал 1-орынды Қуандық Башой иеленсе, 2-орынды Алпысбай Хонжы еншілесе, 3-орын Гүлшекер Батайға бұйырды. 

Сондай-ақ «Арқалы ақын» номинациясы Мұхамедқали Зарықханға, «Жас өрен» - Бексұлтан Қайдаровқа, Құдайберген Сұрағанов атындағы жүлде - Ернар Құсановқа берілді. 

Айтысқа қатысқан және жүлдегер атанған ақындарға ақшалай сыйлықтар табысталды.