Павлодарда Біржан салдың құрметіне әдеби кеш өтті
Кешке болашақ ұстаздар мен музыканттар шақырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Біржан сал - қазақ ән-жырының шамшырағы» атты әдеби-сазды кеші ұйымдастырылды. Шараға Торайғыров университеті мен инновациялық Евразия университетінің оқытушылары, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, музыкалық мектептің оқушылары, педагогикалық колледж студенттері мен 5512 әскери бөлімінің сарбаздары шақырылды.
Аталмыш кеш барысында Біржан салдың шығармашылығы жайлы сөз қозғалып, айтыстары тілге тиек етілді.
– Бұл шараның мақсаты – жастарымызға Біржан салдың ән-жырларын, айтыстарын, шығармашылығын насихаттау. Іс-шара барысында оқушылар мен студенттерге аты аңызға айналған Абай мен Біржан салдың айтысынан үзінді айтылды, – дейді орталық қалалық кітапхананың кітапханашысы Алма Мұқанова.
Айта кету керек, Біржан сал Қожағұлұлы - қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы. Әнші халыққа «Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек» әндерімен танымал.