Павлодарлық оқушылар дәстүрлі садақ атудан сынға түсті
Турнир «JEBE» садақ ату орталығының ашылуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында 10-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасында дәстүрлі садақ атудан ашық чемпионат өтті. Жарысқа Павлодар, Екібастұз, Аққулы ауданы, Баянауыл және Павлодар ауданынан 60-тан астам жас спортшы қатысты. Алаңда оннан астам команда бақ сынады. Олардың қатарында Павлодар қаласындағы №7, №47, №48 мектептердің, дарынды балаларға арналған №3 гимназияның оқушылары, сондай-ақ «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері болды.

Жарыс бірнеше жас санаты бойынша өтті. 10-11 жастағы қатысушылар он метр қашықтықтан «Қалқан» нысанасына оқ атты. Ал ересек оқушылар жеке есепте шеберліктерін сынап, жіпке ілінген, ені 15 сантиметр, диаметрі 25 сантиметр болатын шар тәрізді «Жамбы» нысанасына дәлдікпен ату бойынша бақ сынасты. Спортшылар 12-13 жас және 14-15 жас санаттарына бөлінді.
Дәстүрлі садақ ату үйірмесі өткен жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс істейді. Оның ашылуына №48 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Айнұр Бекбаева үлкен үлес қосты. Осы уақыт ішінде тәрбиеленушілер айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді: Қазақстан чемпионатына іріктеуге қатысып, екі оқушы маусым айында Орал қаласында өтетін республикалық жарысқа жолдама алды. Сонымен қатар жас мергендер облыстық чемпионаттардың жүлдегерлері атанды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі садақ ату балалардың тәртіпке бейімделуіне және ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне ықпал етеді.
– Бүгінгі іс-шара ұлттық спортты насихаттау және балаларды дәстүрлі құндылықтар рухында тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі садақ ату сабырлыққа, төзімділікке және мақсатқа жетуге үйретеді. Павлодар облысында бұл спорт түріне қызығушылық жыл сайын артып келеді. Қазір ол кәсіби деңгейде дамып жатыр – спортшылардың дене дайындығы, қол ұзындығы, садақ тарту күші және басқа да ерекшеліктері ескеріледі, – деді №48 жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, дәстүрлі садақ ату жаттықтырушысы Даурен Жүнісхан.
Чемпионатқа қатысушылардың бірі – №40 мектептің алтыншы сынып оқушысы Айсара Сағынғанова. Қыз бала бір жылдан астам уақыт бойы «Нұртас» балалар-жасөспірімдер спорт орталығындағы секцияда дәстүрлі садақ атумен айналысып келеді.
– Мен үшін бүгінгі жарыста бастысы – жеңіс емес. Басқа қатысушылармен кездесіп, өз күшімді сынағаныма қуаныштымын. Әр жарыс – өзіңді жетілдіруге мүмкіндік. Садақ ату сабырлық пен төзімділікке баулиды, сонымен қатар бұлшықеттерді шынықтырып, мергендікті дамытады, – деді оқушы.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай, «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділов және «Astana» телеарнасының меншікті тілшісі Өзгеріс Қуанар болды.
«JEBE» орталығының ресми ашылуы ерекше форматта өтті. Дәстүрлі қызыл лентаны қиюдың орнына, құрметті қонақтар алғаш болып садақтан жебе атты.


Ұйымдастырушылар облыстық чемпионатты жыл сайын өткізіп, оны Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастыруды жоспарлап отыр.