Павлодарлық биолог-мұғалімнің еңбегін Мемлекет басшысы бағалады
Ұстаз шәкірттері республикалық және халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы дарынды ұлдарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының биология пәнінің мұғалімі Олжас Амзеевке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шапағат» медалін табыстады. Мемлекеттік награда педагогтің кәсіби еңбегіне және дарынды оқушыларды халықаралық деңгейдегі биология олимпиадаларына дайындаудағы үлесіне берілді.
Олжас Амзеевтің шәкірттері соңғы жылдары республикалық және халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, IBO-2026 халықаралық биология олимпиадасында Ерсұлтан Қайыркен күміс медаль жеңіп алды. OIBO халықаралық олимпиадасында Ерсұлтан Қайыркен алтын, Нұрали Билялов күміс медаль иеленді.
- «Қазақстан Білім Олимпиадасында» Әлимұхаммед Саматұлы, Ерсұлтан Қайыркен, Ансар Ғабдулжағыпар және Нұрали Билялов алтын медальға қол жеткізсе, Ағанияз Жұмасил мен Ансар Сәкенов қола жүлдегер атанды. Ал нейробиологиядан өткен «Brain Bee» олимпиадасында Әлимұхаммед Саматұлы мен Ағанияз Жұмасил алтын, Тимур Рахимжанов күміс медаль алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесуде олардың ұстаздары мен тәлімгерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.
- Бүгін арамызда дарынды ұрпақты тәрбиелеп, шәкірттерінің әлемдегі үздіктердің қатарына енуіне көмектесіп жүрген ұстаздар бар. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қабілетті балаларды оқытып, халықаралық жарыстарға дайындап жүрген барлық педагогтерге шынайы алғысымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Олжас Амзеев үшін мемлекеттік награданы Президенттің қолынан алу күтпеген әрі ерекше әсер қалдырған.
- Алғашқы сезімім – Мемлекет басшысының өзі бізге осындай марапат табыстайтынына бірден сене алмадым. Бұл туралы көп адамға айтқан жоқпын, тек анама және ең жақын адамдарыма, бірінші болып жұбайыма айттым. Жалпы, өмірімде көп нәрсе өзгерген жоқ, мен өз жұмысымды бұрынғыдай жалғастыра беремін, – деді педагог.
Мұғалімнің айтуынша, биология пәнін таңдауына өзінің ұстазы себеп болған. Ол шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, өзіне үлгі болған ұстазы Диас Жұмаділовтің жолын жалғастырып келеді.
Биыл Қазақстан оқушылары 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль. Мемлекет басшысы мұндай нәтижелердің артында оқушылардың күнделікті еңбегімен қатар, оларды дайындайтын ұстаздардың жүйелі жұмысы тұрғанын атап өтті.
Олжас Амзеевтің «Шапағат» медалімен марапатталуы – Павлодар педагогтерінің жас дарындарды ғылымға баулудағы еңбегінің жоғары бағалануының бір көрінісі.