Павлодарлық мектепке жаңа гуманоид робот әкелінді

Робот еркін қозғалып, қимылды қайталай алады және камерасы арқылы айналаны бақылайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, жаңа құрылғы №48 мектептің STEM-зертханасына жеткізілді. Ол оқушылардың робототехника мен жасанды интеллект саласындағы білімін тереңдетуге мүмкіндік береді.
– Роботтың қаңқасы берік металлдан жасалған, қозғалысы сервожетектер арқылы іске асады. Иық, тізе, шынтақ, жамбас буындарын еркін қимылдата алады. Басында орналасқан камера мен сенсор қоршаған ортаны көруге, бейне және сурет жазуға мүмкіндік береді. Арнайы бағдарлама арқылы оған жүру, бұрылу, қол көтеру және қимыл-қозғалысты қайталау секілді әрекеттерді үйретуге болады, – делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, гуманоид робот тепе-теңдігін сақтап жүре алады, билеп, иіліп немесе қол көтеріп қимыл жасайды. Оны қашықтан басқаруға да, автономды режимде қолдануға да болады.
– Робот негізінен оқушыларға робототехника негіздерін үйрету үшін пайдаланылады. Сондай-ақ жасанды интеллект жобаларында, компьютерлік көру жүйелерін дамытуда, тәжірибелік жарыстар мен олимпиадаларда қолдануға қолайлы, – деді мамандар.
№48 мектеп ұжымы жаңа технологияны оқу процесінде тиімді пайдаланып, оқушылардың шығармашылық қабілетін, инженерлік дағдыларын және ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға ниетті.