Железин ауданында қыздар гимназиясы ашылды

Железин ауданында қыздар гимназиясы ашылды
Фото: ПМПУ

«Хусни» деген атқа ие болған білім ошағына 8-11 сынып оқушылары қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Оны Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Железин аудандық білім беру бөлімімен бірлесіп ашты. Мақсаты – жоғарғы сыныптарда оқитын қыз балаларды, соның ішінде болашақта педагог болғысы келетін оқушыларға мамандық бойынша кіріспе білім беру. 

Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко, жаратылыстану жоғары мектебінің деканы Ермек Ғабдуллин, «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламасының жетекшісі Зульфия Шавалиева, кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанова Железин ауданына барып, мектеп директорларымен кездесті. Жиын барысында университет пен мектептер арасындағы бірлескен жұмыстарды күшейту мәселесі талқыланып, арнайы жоспар құрылды. Атап айтқанда дарынды балалармен жұмыс жүргізу, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру курстарын ұйымдастыру және жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мәселелері талқыланды.

Ал жоғарыда атап өткен «Хусни» қыздар гимназиясы Марғұлан университетінің бастамасымен іске асырылды. Осы туралы Марғұлан университеті мен Железин аудандық білім беру бөлімінің арасында арнайы меморандум бекітілді. Енді «Арнайы педагогика» және «Мектепке дейінгі білім беру» бағдарламасының жетекшілері жұмыс жүргізе бастайды.

- Гимназияға 8-11 сынып оқушылары қабылданады. Алғашқы сабақ 16 қарашаға белгіленді. Біздің оқытушылар айына екі рет барып, жоспар бойынша сабақтар жүріледі. Негізінен мамандыққа баулу, әдептілік, адамгершілік тақырыптарында дәріс оқылады, - дейді Гүлнәр Манатқызы.

Шара соңында Ольга Андрющенко Железин № 1 орта мектебінің директоры Елена Бегусты, Железин № 2 орта мектебінің директоры Шолпан Қаңтарбаеваны, Железин №3 орта мектебінің директоры Самал Сеилханованы Марғаұлан университетінің 60 жылдық медалімен марапаттады. Сонымен қатар, университетпен тығыз байланыстағы жұмыстары үшін бірнеше мектеп басшысына Алғыс хат табысталды.