Бонустық қор: Павлодар облысында қырықтан астам елді мекен абаттандырылады

Бонустық қор: Павлодар облысында қырықтан астам елді мекен абаттандырылады

Ол үшін 1,1 миилиард теңге қарастырылған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов аудан әкімдіктерінің бонустық қор бойынша абаттандыру жобаларының конкурстық рәсімдердің жарияланғаны туралы мәлім етті.

– Қазіргі таңда тұрғындардың елді мекендерде тұруы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында үш бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бонустық қор шеңберінде қырық үш ауылда жалпы сомасы 1,1 миилиард теңгеге абаттандыру бойынша алпыс екі жобаны іске асыру жоспарланған,  – деді Ержан Иманзайыпов.

Оның айтуынша, жиырма тоғыз ауылда балалар алаңдарын орнату, он сегіз елді мекенді жарықтандыру, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша он бес жоба (саябақтар, скверлер, тротуарлар) ұсынылды. Сондай-ақ, кейбір мердігерлік ұйымдар анықталды. Бірақ, Аққулы, Шарбақты және Железин аудандары бойынша мердігерлік ұйымдар әлі анықталмаған.

– Аудандық  бюджеттен  абаттандыру жұмыстары бойынша 308 миллион теңге қаражат бөлінді.  Май ауданында үш көше, Ақжар ауылында екі көше, Майтүбек ауылында бір көше мен мәдениет үйін жөндеуге бонустық қордан қаражат бөлінген. 7,6 миллион теңге санитарлық тазалауға бағытталса, қалған 25 миллион теңгесі балаларға ойың алаңын салуға және жөндеуге бағытталған, – дейді Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин. 

Тереңкөл ауданында 71 миллион теңге бонустық трансферттен Октябрь көшесін жарықтандыру,  Тереңкөл ауылында шағын футбол алаңын жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ жеті елді мекеннің жолдарын жөндеуге 483 миллион теңге, жалпы абаттандыруға 145 миллион теңге, жағажайды жайғастыруға жеті миллион теңге қарастырылған. Ертіс ауданының бес елді мекенінде көше жолдары жөнделеді, 78 миллион теңге абаттандыру және санитарлық тазалыққа қарастырылған.