Баянауылда қысқы балық аулаудан ашық турнир өтті

Баянауылда қысқы балық аулаудан ашық турнир өтті
Фото: Баянауыл ауданы әкімдігінің парақшасы

Аталмыш шараға 125-ке жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сабындыкөл көлінде Баянауыл ауданының ардагерлер кеңесінің бастамасымен белгілі кәсіпкер, ел жанашыры – Орал Рахмашұлы Сартаевты еске алуға арналған қысқы балық аулаудан II аудандық ашық турнирі ұйымдастырылды.

Оған Қарағанды, Павлодар, Екібастұз қалаларынан, Успен ауданынан, Майқайың кентінен, Баянауыл, Торайғыр, Жаңажол ауылдық округтерінен 25 команда 125-ке жуық спортшы қатысып, бақ сынады.

Дода қорытындысы бойынша Успен ауданының «Лозовое» командасы – бірінші орын, Баянауыл ауылының «4+1» командасы – екінші орын, Баянауыл ауданының спорт мектебі үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, қатысушылар ең жас қатысушы, қарт қатысушы, ең кішкентай балық, ең үлкен балық, ең жылдам бұрғылау номинацияларымен марапатталды.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.