Павлодарда көптен күткен оқиға өтпек
Оның қатысушылары қала тұрғындарын соның куәсі болуға шақыруда – бәрі тегін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық стадионда «Ертіс» пен «Тобыл М» арасындағы Екінші лиганың бірінші турының кездесуі өтеді. Бұл – қайта жаңғырған павлодарлық футбол клубы үшін өз алаңында өткізетін төрт жыл ішіндегі тұңғыш ойын. Соңғы рет «Ертіс» 2020 жылдың наурыз айында Премьер-лига аясында петропавлдық «Қызылжарды» қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнаған. Жалғыз голды Карлос Фонсека соққан еді.
Сол құрамнан «Ертісте» тек Руслан Есімов, Изат Күлжанов, Артем Попов, Тимур Байжанов пен Григорий Сартаков қана қалған. Соңғысы футболшы мансабын аяқтап, клубтың жаттықтырушыларының біріне айналған.
Қарсылас болса, «Тобыл М» қостанайлық клубтың жастар құрамы екендігін атынан аңғаруға болады. Қостанайлық футбол мектебі қаншалықты мықты екенін бүгін білеміз. Жастарды атақты қазақстандық футболшы Олег Лотов жаттықтырады.
Ол, сөз жоқ, командасына қорғаныстық футболды көбірек үйрететіні анық. Оның үстіне қостанайлық футбол үшін қорғанысқа иек артқан ойын тән. Сондықтан біздің шабуылшыларға қостанайлық қорғанысты бұзып өтуге біраз тер төгуге тура келеді.
Естеріңізде болса, келесі жылы Бірінші лигаға жолдама алу үшін «Ертіске» Солтүстік-Шығыс конференцияда тек бірінші орын алу қажет. Конференция 12 командадан тұрады, олардың басым бөлігі Бірінші және Премьер-лига командаларының жастар құрамдары. Ересек командалардан жалғыз «Ақсу» ғана бар.
«Ертіс» пен «Тобыл М» арасындағы матч Орталық стадионда 9 сәуірде сағат 17.00-де басталады. Кіру тегін. Туған командамызды қолдауға келіңіздер.