Павлодарлықтарды футбол көктемі күтіп тұр
Қайта жаңғырған «Ертіс» ФК Қазақстан Кубогінің 1/8 финалына апарар жолдама үшін тартыспақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
21 наурызда Сергей Якушин шәкірттері Шымкентте ел Кубогінің плей-офф матчында жергілікті «Оңтүстікпен» ойнайды. Команда «Ордабасының» жастар құрамы болып есептеледі. Ол Бірінші лигада өнер көрсетеді, былтырғы маусымда 14-орында тұрақтады.
«Оңтүстік» Кубоктің топтық турнирінде Оралдық «Ақжайығы» мен Өскеменнің «Алтайын» ұтып «В» тобында көш бастады. «Ертіс» болса, «Хан Тәңірі» мен «Оқжетпесті» тізе бүктіріп, «AKAS»-пен тең ойнады. Бұл топтағы бірінші орынды жеңу үшін жеткілікті болды.
«Ертіс» пен «Оңтүстік» арасындағы кездесу сағат 15.00-де басталады. Көрсетілімді Q Football/Q Arena арнасы мен QFL.KZ сайтынан көруге болады.
Дәл сол күні қазақстандық футбол сүйер қауым ұлттық құрама мен Грекия арасындағы матчты асыға күтеді. Афинада екі команда УЕФА Ұлттар лигасының плей-офф кезеңін бастайды. Ұтқан ұжым Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазымен Еуро-2024 апарар жолдама үшін тартысады.
Кездесу наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні, сағат 00.35-те басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы көрсетпек.