«Астана» Павлодарда басымдығын танытты
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы 15-турының басқа уақытқа ауыстырылған «Ақсу» мен «Астана» арасындағы матчы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Чемпионат көшбасшысы салған жерден допқа бақылау орнатып, ойын тізгінін қолға алды. Вахид Масудов шәкірттері матч басында қарсылық көрсетіп, қарымта шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Шабуылшы Мирас Тұрлыбек әбден тырысқанмен, Тони Сильваның көмегінсіз «Ақсу» мардымды іс-әрекет көрсете алмады.
Бірінші тайм ортасына қарай «Астана» алғашқы қауіпті сәттер ұйымдастыруға кірісті. Бірінші соққыны Исламбек Қуат бағыттады – оны Игорь Трофимец кейін қайтарды. Екінші таймда дәл осындай көрініс жалғасын тапты. Алайда, «Ақсу» одан бетер қорғанысқа ден қойып, тең нәтижені ұстап қалуға тырысты.
Астаналықтар асықпай павлодарлықтардың қорғанысынан саңылау іздестіруді жалғастырды. Ел чемпиондарының сапында Макс Эбонг еңбекқорлығымен көзге көрінді. Уақыт сырғып бара жатқанымен, бұл «Астананың» алаңдағы қимыл-қозғалысына еш әсер етпеді. Барлық мықты командалар секілді қонақтар түбінде дегеніне жететіне сенді.
Матчтың 74-минутында айып алаңында допты қабылдаған Тимур Досмағамбетов екінші қимылымен Игорь Трофимец қорғаған қақпаның алыс бұрышына дәл соққы бағыттап, есеп ашты. «Ақсу» есепті өзгертуге тырысты. Матч соңына қарай павлодарлықтар бірнеше рет қарсылас қақпасына жақындады, бірақ нәтижесіз.
Қорытынды есеп 0:1 – бұл «Ақсудың» қатарынан жетінші жеңілісі. «Астана» болса, біріншіліктегі басымдығын одан сайын күшейте түсті.
Келесі матчты «Ақсу» қайтадан Павлодарда өткізеді. 27 мамырда команда Талдықорғанның «Жетісуін» қабылдайды.
Фото: Ольга Бугаева