Перзентханада VIP-палата, анықтамалар: Павлодарда таныстарын алдаған әйел сотталды
Бірнеше адамды қыруар қаржыға алдаған тұрғын бостандықта жүр. @Pavlodarnews.kz тілшісі тергеу нәтижелері жайында ақпарат алды.
26 жастағы әйел адам алаяқтықты 2023 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын алуға уәде беруден бастаған. Ол мұндай ақпаратты таныстары арқылы таратқан. Әйел өзінің қылмыстық жоспарында күйеуі мен қайын енесінің банктік карталарын қолданған.
Алдымен ол достарына зейнетақы жинақтарын шешіп беруге уәде берген, кейін қызметтер тізімі кеңейе түскен – әскери комиссариатқа медициналық анықтамалар, Ресей Федерациясына көшуге арналған құжаттар, аурухана парағы, жүргізуші куәлігін қалпына келтіруге арналған құжаттар, көлік жүргізу емтиханын тапсыру үшін анықтамалар, сондай-ақ перзентханада VIP-палаталарды ұйымдастыру.
2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың наурызына дейінгі аралықта айыптаудың жалпы 27 эпизоды қамтылды.
Сонымен қатар, айыпталушы адам құрбандарына екінші деңгейлі банктер арқылы тауарлық несие ресімдеп, сатушылар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сотта әйел өзі Telegram арқылы танысқан «Раушан» мен «Арман» атты адамдардың құрбаны болғанын айтты. Олар клиенттердің өтініштерін орындауға уәде берген. Қылмыскер оларға ақша аударды. Кейінірек әйел адам бұл адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін ойлап тапқанын мойындады. Оның алаяқтығынан жалпы шығын 25 миллион теңгеден асты.
Сотта әйел «бөтеннің мүлкін ұрлау немесе алдау, сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкіне құқық алу» Қылмыстық кодекстің 190-бабының бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Жеті жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
– Аталған эпизодтар бойынша қылмыстық іс жүргізуді тоқтатты, – деп хабарлады №2 сотта.
Айта кетейік, әйел төрт жылға бас бостандығынан айырылды, алайда кішкентай баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы бес жылға кешіктірілді. Ол жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтеуі керек.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.