Әлеуметтік қолдау, медицина және патриотизм: Асайын Байханов ардагерлермен кездесті

Әлеуметтік қолдау, медицина және патриотизм: Асайын Байханов ардагерлермен кездесті
Фото: Валерий Бугаев

Ардагерлер кеңесіне ноутбук, интернет және жолға көлік бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Асайын Байханов бүгін өңірдің ардагерлер ұйымының өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік қолдау, медициналық қызметтердің қолжетімділігі және патриоттық тәрбие мәселелерін талқылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында өңір басшысы ардагерлердің қоғамға қосқан үлесін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді.

– Бүгін сіздермен жүздесіп отырғаным мен үшін үлкен мәртебе. Сіздер еліміздің өркендеуі жолында үлкен үлес қостыңыздар. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, азаматтық жауапкершіліктеріңіз және жастар тәрбиесінде алатын орындарыңыз айрықша, – деді Асайын Байханов.

Облыстық ардагерлер кеңесі – 120 мыңнан астам мүшесі бар өңірдегі ең ірі қоғамдық ұйым. Әкім ардагерлер көтерген мәселелердің барлығын жеке бақылауда ұстайтынын және әр ұсыныс мұқият қаралатынын жеткізді.

Ардагерлер дәрігерге жазылу мен дәрі-дәрмек алудағы қиындықтарды атап өтті. Байханов бұл мәселелерді шешу үшін облыстың денсаулық сақтау басқармасына нақты тапсырмалар берді. Басқарма басшысы Иран Шаметековке емханалармен жеке жұмыс жүргізу жүктелді, сондай-ақ ардагерлер кеңесімен өзара байланыс үшін жауапты тұлға бекітілді.

Кездесуде «Соғыс балалары» мәртебесін беру туралы ұсыныс та көтерілді. Бұл мәртебе Ұлы Отан соғысы жылдарында туған азаматтарға әлеуметтік көмек көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бастама ҚР Парламенті Мәжілісіне қарастыруға ұсынылатын болды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев «Отанға қызмет ету, адамға көңіл бөлу» ұранымен өскелең ұрпақпен жұмысты жандандыру» идеясын ұсынып, жастарға бағытталған тәрбиелік жобалардың маңызын атап өтті.

Бұл бастаманы қолдаған облыс әкімі, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің қатысуымен патриоттық бағдарламалар іске асырылатынын айтты.

Кездесуде ардагерлер ұйымдарының жұмысын жақсартуға қатысты да шешімдер қабылданды. Аудандық ардагерлер кеңестерін ноутбук және интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ бастауыш ұйымдарға бару үшін арнайы көлік бөлу тапсырылды.

Әкім қатысушылардың барлық ұсыныстарын тыңдап, әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар берді.