Павлодарлық өрт сөндіруші блогер: Бұл видеолар арқылы құтқарушы болғандар көп
«Maklaykin12» лақап атымен танымал Михаил Эсауленконың бейне роликтары мыңнан астам қаралым жинайды. Автор күнделікті жұмысында тілсіз жаумен күресіп жүрген кездерді, қауіпсіздік ережелерді сақтамағанда қандай салдарға әкелуі мүмкін оқиғаларды көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Михаил ТЖД қызметкері атанған бетте өзінің Instagram парақшасын төрт жылдай жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін жазылушылар саны екі мыңнан асты. Павлодарлық өрт сөндіру көлігінің ішін, қызметкерлер қалай шақыртуларға жиналып, баратынын және адамдарды аман алып қалатынын видеоға түсіріп, жеке парақшасына салады.
– Қызметке тұрған кезде бізді, өрт сөндірушілерді көрген адамдар жұмысымызды видеоға түсіріп, артынан жаман пікір қалдырып жазады: «ұзақ жеттіңіздер», «өрт сөндіре алмайсыңдар», – дейді 4-ӨСБ бөлімшесінің командирі Михаил Эсауленко. – Мен осындай әділетсіздіктен шаршадым. Сондықтан да адамдардың пікірін сейілту үшін және өрт сөндірушілердің жұмысының нақты көрсету мақсатында жеке блог парақшамды ашуды шештім.
Михаил басында жай ғана телефонына түсіріп жүрген, ал кейіннен видеокамера мен шлем-каска сатып алған. Бүгінде ол видеоны бірінші жақтан түсіреді. Өрт сөндіруші өз көзімен көрген отты көрермендеріне видео арқылы көрсетуге тырысады.
– Бұл мамандықты танымалдылығын, абыройлығын көтеру деген ниетім бар. Салған видеолар басқаларға ұнап, жағымды пікірлер жазып жүргенін байқадым. Одан кейін жастар жеке хабарламаға «қалай құтқарушы, өрт сөндіруші бола аламын?» деген сұрақты жаудыра бастады. Нәтижесінде төрт жылдың ішінде жазған адамдардың көбі қызметке түскен болатын, – деді Михаил Эсауленко.
Өрт сөндіруші жұмыстың көп бөлігі кадрдан тыс қалатынын жасырмайды. Адамдарды қорқытпас үшін видеоға өрт салдарынан қаза тапқан, жарақат алған зардап шеккендерді жарияламайды. Керісінше, құтқарған адамдарды көрсеткен жөн деп санайды.
– Мен әдемі кадрлар үшін таласпаймын. Шақыртуға келген бойда ең біріншіден мен – бөлімше командирімін. Адамдардың жанын аман сақтап қалу, өртті сөндіру – менің ісім, ал видео түсіру соңғы кезекте қала береді. Себебі, бұл – үлкен жауапкершілік. Біз үшін әрбір минут бағалы, – дейді Михаил Эсауленко.
Михаил қалай болса да қалада шыққан өрт адам факторына байланысты деп санайды.
– Атқарған қызмет уақытында түрлі сипаттағы, деңгейдегі өртті сөндіруге тура келді. Ең қиын сәттердің бірі – тілсіз жау баланың жанын алған кезде болады. Оны көріп, денесін шығарған соң біраздан кейін ғана есіңді жинайсың. «Бізге ертерек қоңырау шалса ғой, жолда көлік өткізіп жіберсе, баланы аман алып қалар ма едік» деп ойға батасың, – деді өрт сөндіруші.
Михаил осындай қайғылы оқиғаларға қарамастан, өз кәсібін өте жақсы көреді және өкінген кездері әлі болған емес.