Павлодар оқушылары ұлттық стильді күнделікті өмірге енгізіп жатыр

Павлодар оқушылары ұлттық стильді күнделікті өмірге енгізіп жатыр
Фото: М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы

Жоба облыстық білім беру басқармасының қолдауымен жүзеге асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде қазақтың дәстүрі мен қазіргі жастар стилін біріктірген ерекше жоба – «Ұлттық Style» қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні жобаға 486 мектеп пен балабақша қатысып жатыр. 

Жоба қазан айында басталып, келер жылдың сәуіріне дейін жалғасады. Оның мақсаты – ұлттық ою-өрнекті балалар мен жасөспірімдердің күнделікті киіміне сән элементі ретінде енгізу. Бұрын ұлттық киім Наурыз немесе басқа мерекелермен ғана байланысты болса, енді ол жастардың бейнесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

– Әр жұма «Ұлттық киім және этнотренд күні» ретінде белгіленген. Сол күні оқушылар, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері қазақы нақыштағы аксессуар немесе киім элементтерін киеді. Мысалы, тұлпар бейнесіндегі салпыншақ, ұлттық оюлы әшекейлер, этноаппликациясы бар сөмке немесе өрнекпен безендірілген баскиім. Бұл жүйелі формат жастардың ұлттық стильге қызығушылығын арттырады, – деді М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайының әдістемешісі Айнұр Әлханова.

Оның айтуынша, әр айдың өз тақырыбы бар, ай соңында оқушыларға бейнетапсырмалар беріледі. Видеоларда теориялық бөлімде – ұлттық символдардың тарихы мен мағынасы, практикалық бөлімде – бұйымды өз қолымен жасау көрсетіледі.

Жасалған жұмыстар әлеуметтік желілерде арнайы хэштег арқылы жарияланып, үздік жұмыстар лайк санымен анықталады. Ай сайын «Үздік стиль иесі» атағы беріледі, жеңімпаздар дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталады.

«Ұлттық Style» дәстүр мен заманауи стильдің бір-біріне қайшы емес екенін дәлелдеп, жастар арасында этномәдени бірегейлік пен патриотизмді нығайтып отыр.