Гаврина Павлодарда форумда: Қазақ тілін үйренуге «Менің атым Қожа» әсер етті
Алла Гаврина 1-сыныпты Ресейде бітірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан» РТРК АҚ «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Aqparat» бағдарламасының жүргізушісі «Достық» үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында Павлодар облысына үшінші рет келіп отырғанын айтып өтті.
– Мен өзім Қостанай облысының тумасымын. Жақында тағы бір осындай шараға барып келдім, тіл мәселесі әлі де өзекті екен. Бұрын қазақ, орыс, украин және тағы басқа этнос өкілдері қазақша сөйлесе таң қалатын еді ғой. Қазір енді заман басқа, ешкім таң қалмайды. Өз басым қазақша сөйлегеніме 20 жыл болып қалды, кезінде ата-анам: «қазақша немесе орыс сыныбына барасың ба?» деп таңдау қойған болатын, – дейді Алла Гаврина.
Жүргізуші бірінші сыныпты Ресейде бітіріп, кейін отбасылық жағдайға байланысты Қазақстанға көшіп келген. Үшінші сыныптан бастап мектепті бітіргенге дейін қазақ тілінде оқыған.
– Ең алғаш рет «қазақша білемін-ау» деген ой алтыншы сыныпта болды. Үй жұмысына Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін берген. Сонда үйде оқыған кезде «ойбай, түсініп жатырмын ғой» дедім. Құдды бір кинотеатрда отырғандай болдым. Бұрын «тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» деп айтатын еді ғой. Қазір тіліміз де, жүрегіміз де бір, түріміз де қазаққа ұқсап бара жатыр. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» Абай атамыз айтқандай, бәріміз бір-бірімізге бауырмыз. Бөтен адам жоқ, көштен қалып қалмаңыздар, қазақ тілін үйреніңіздер, – деді Алла Гаврина.
Еске сала кетейік, «Қоғамдық келісім» РММ басшысы Элина Масагутова форум барысында өзінің қазақ тілін қалай үйренгенін және мемлекеттік тілді меңгерудің жолы жайлы айтқан.