Тағы бір павлодарлық монополист тарифті көтеруді сұрады
Соңғы шешім облыстық табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті шығарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өтінішті қоғамдық тыңдаулар кезінде «Павлодарэнергосбыт» АҚ бас директоры Талғат Арғынов жеткізді. Монополист электр энергиясымен қамту тарифін әрбір кВт/сағатқа 19,20 теңгеден 26,68 теңгеге өсіруді сұрады.
Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, «Павлодарэнерго» АҚ электр энергиясының бағасын өсірген. Оның үстіне «ПРЭК» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» РМК электр энергиясын тасымалдау тарифін көтерген. Көлік, байланыс, міндетті сақтандыру, банкинг бағалары қымбаттаған. Тұтынушылардың жалпы көлемі 509 миллион теңгелік қарызы да бар.
Тарифті көтерудің тағы бір маңызды себебі – персонал еңбекақысын көтеру.
- Еңбекақы деңгейінің төмендігінен «Павлодарэнергосбыт» АҚ кадрлар тапшылығы артуда. Оған қоса еңбекақының қазіргі деңгейі білікті мамандарды қызықтырмайды, ал ол, өз кезегінде, персоналды жасақтауға кедергі келтіреді. Орташа жалақы мөлшері 115 171 теңгеге тең, бұл саладағы орташа айлық жалақыдан әлдеқайда төмен, - дейді Талғат Арғынов.
Әрі қарай сөз тыңдаулар қатысушыларына берілді. Өкінішке орай, тұщымды пікірлер көп айтылмады. Олардың бірін облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов жеткізді.
- Тұтынушылармен жұмысты қайта қарауларыңыз қажет. Медиа-план жасап, жұмыстарыңызды кеңірек көрсетулеріңіз керек. Соған сәйкес, азаматтардың барлық өтініш-тілектеріне өздеріңіз жауап берулеріңіз керек, әкімдік емес, - деді ол.
«Павлодарэнергосбыт» АҚ өтініші бойынша соңғы шешімді табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті арнайы сараптамадан соң шығарады.
Фото: автор