Шарбақтыдағы өрт: Қауіпті кезең артта қалды ма?
Өрт сөндірушілер әлі де оқиға орнында қызмет етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі
Бір тәуліктен астам уақытта Шарбақты ауданы «Ертіс орманы» табиғи резерватының аумағында орын алған алапат өртті ауыздықтауға 350-ден астам адам жұмылдырылып, 101 техника тартылды. Сонымен қатар, алты тікұшақ жалынды ауыздықтау үшін суды төбеден 48 рет төкті. Судың жалпы көлемі 144 текше метрді құрады.
Тілсіз жауды өшіруге ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, Астана қаласы мен Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облысының ТЖ департаментінің күштері мен құралдары, сондай-ақ алты тікұшақ жұмылдырылды. Өрт 16 шілде күні сағат 14:14-те оқшауланды.
– Өрттің ауданы шамамен 850 гектарды құрады, - деп атап өтті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Мейрам Көшенширеков. - Қайта тұтануды болдырмау мақсатында жеке учаскелерге су төгілуде. Қазіргі уақытта өрттің ашық ошақтары жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, дала орманшылығындағы өрт 15 шілдеде сағат 14:30-да басталған болатын. Өрт Ресей аумағына өтуге және Шарбақтыдағы Сүгір ауылына қауіп төндірді. Алайда жергілікті тұрғындарды эвакуациялау қажет болмады.
Өрттің себебі мен материалдық залалы анықталуда. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.