«Павлодар-Алматы» бағытында 50 жаңа заманауи вагон жолға шықты

«Павлодар-Алматы» бағытында 50 жаңа заманауи вагон жолға шықты
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Жолаушылар вагондары Петропавл қаласындағы отандық зауытта өндірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның вагон паркі 50 жаңа жолаушылар вагонымен толықтырылды. 

Заманауи вагондар №31/32 «Павлодар-Алматы» бағыты бойынша қатынап, жолаушыларға жоғары деңгейдегі қолайлы әрі жетілдірілген сапар жағдайларын ұсынады. Пойыз құрамына 10 вагон кіреді, оның ішінде үш купе және жеті плацкарт вагоны бар. Жалпы бір бағытта 400-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, пойыз күнделікті қатынайды. Павлодардан жөнелтілу уақыты – сағат 09:00-де, ал Алматыға келу уақыты – келесі күні 11:44-те. Алматыдан сағат 15:20-да жолға шығып, Павлодарға келесі күні 18:02-де жетеді.

– Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамытудағы басым бағыттардың бірі ретінде жолаушылар вагондарын жаңартудың маңызын айрықша атап көрсетті. Аталған мақсаттарды жүзеге асыру шеңберінде компаниямыз вагон паркін жаңарту бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатыр, бұл біздің басты стратегиялық басымдықтарымыздың бірі болып саналады, – деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Әнуар Ахметжанов.

Жаңартылған пойыз Қазақстанның солтүстік пен оңтүстік өңірлері арасындағы көлік байланысын нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Жаңа вагондар халықаралық талаптарға сай әзірленіп, олардың дизайны, қауіпсіздігі, сенімділігі және жолаушыларға жайлылықты қамтамасыз ету деңгейі жоғары стандарттарға сәйкес келеді. Купелер әр жолаушыға арналған эргономикалық жатын орындармен, жеке жарықдиодты шамдармен, бас тірегіштермен және мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған қосымша мүмкіндіктермен жабдықталған (екі USB порты мен екі желілік розетка). Бұл гаджеттерді бір уақытта қуаттауға мүмкіндік береді.

Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы жабдықталған купелер мен арбаларға арналған орындар қарастырылған, сондай-ақ, купеде жолсерікті шақыруға арналған батырма бар.

Вагондардың пайдалану мерзімі 40 жылға дейін созылады, бұл олардың ұзақ уақыт бойы тиімді қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді.

Айта кетерлігі, соңғы екі жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ отандық өндірістен 307 вагон сатып алып, оның 200-ін пайдалануға енгізді. Олардың қатарында №31/32 «Павлодар-Алматы» бағытына қосылған 50 вагон да бар. Жаңа вагондар «Ақтөбе-Атырау», «Павлодар-Түркістан», «Қызылорда-Семей» бағыттарында да қатынайды. Сонымен қатар, 2025-2030 жылдар аралығында озық технологиялар негізінде шығарылатын 537 вагонды сатып алу үшін Stadler Bussnang AG компаниясымен келісім жасалды.

Алдағы жылдары вагон паркін жаңарту жұмыстары жалғасады. Бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, Қазақстандағы тасымал деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.