Павлодардағы «Газбаллон» акциясы: тұрмыстық қауіпсіздік қалай тексерілді?
Шараның негізгі мақсаты – халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру және ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, маңызды рейдтер ұйымдастырды.
– Оның барысында 83 автогаз құю станциясы тексеріліп, сегіз мыңнан астам адамға газ жабдықтарын қолдану ережелері бойынша нұсқаулықтар берілді. Сонымен қатар, 11 жабық паркингке барып, тұрғын және әкімшілік ғимараттарға қызмет көрсететін ұйымдардың басшыларымен дөңгелек үстелдер өткізілді, көп қабатты үйлердің тұрғындары арасында да түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, акцияның ерекше сәті – бірнеше АГҚС-да жүргізілген әлеуметтік эксперимент болды.
– ТЖД қызметкерлері жай киім киіп, тұрмыстық газ баллонын көлікке арналған станцияда толтыруға әрекеттенді. Алайда, станция қызметкерлері қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, қауіпті әрекеттен бас тартты. Бұл жағдай АГҚС қызметкерлерінің жауапкершілігі мен кәсібилігін нақты дәлелдеді, – делінген хабарламада.
Мамандардың айтуынша, тәуекелдерді азайту және халықтың қауіпсіздігін арттыру бойынша бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.