Жыл жаңалығы: Павлодарлық дарынды оқушылар өз жетістіктерімен бөлісті
Олар - бір мектептің оқушылары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы Азамат Шаймұрат мәлім етті.
– Қалалық № 8 лицей-мектебінің оқушылары биыл жаңалық алып келді. Халықаралық олимпиададан Ринат Елеусізов химия пәні бойынша күміс алса, Владимир Роговскийге математикадан қола медель бұйырды. Әрине, бұдан да басқа айтып өтерліктей жетістіктер жеткілікті. Жалпы биыл облыста халықаралық байқаудан 21 оқушы жүлдемен оралған, – дейді Азамат Шаймұрат.
Орталық басшысының сөзінше, Халықаралық, республикалық зияткерлік олимпиадаларға қатысушылар осы оқу жылында 260 медаль жеңіп алды, оның ішінде 21-і – халықаралық деңгейде, 239-ы – республикалық. Олардың 118-і – қола, 74-і – күміс, 68-і – алтын.
Халықаралық олимпиададан химия пәні бойынша күміс жүлде иегері Ринат Елеусізовтің айтуынша, даму үшін бір орында тұрмай, әрдайым бір іске әуестену керек.
– Әрдайым бір нәрсемен айналысқан жөн. Барлығына үлгеруге болады. Мен олимпиадаға дайындалуға күніне екі-үш сағат жұмсайтынмын. Одан кейін үй тапсырмаларын орындаймын. Жетістіктің кілті еңбекте, – дейді Ринат Елеусізов.
Ал математикадан қола медаль иегері Владимир Роговский кішкентайынан көзге түскен екен. Ұстазының айтуынша, бала алғыр, мектептің үлгі тұтар оқушысына айналған.
– Кім болғым келетіні әзірге белгісіз. Негізі осы физика-математика пәні бойынша оқуға түсу ойда бар. Америкада білім алғым келеді, – дейді Владимир Роговский.
Айта кету керек, павлодарлық оқушылар халықаралық Жәутіков олимпиадасынан – жеті медаль, халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасынан – екі медаль, «Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадасынан – бір алтын медаль, халықаралық Балқан математикалық олимпиадасынан бір қола медаль алып келген. Бұл жарыстардың бәрінен Владимир Роговский жүлделі оралған.