Павлодар облысының мамандары қауіпсіз жаттығудың шарттарын атады

Павлодар облысының мамандары қауіпсіз жаттығудың шарттарын атады
Фото: автор

Павлодар облысында мамандар балалардың спорттық жарақаттануының алдын алу, жас спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаттықтырушылар мен ата-аналардың рөлі туралы айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Спорттық жарақаттар, шамадан тыс физикалық жүктеме және психологиялық қысым балалар спортындағы өзекті мәселелер болып қала береді. Павлодар облысының мамандары жас спортшылардың қауіпсіздігі тек медициналық сүйемелдеуге ғана емес, жаттықтырушылардың жұмысты дұрыс ұйымдастыруына, қалпына келу тәртібінің сақталуына және ата-аналардың қатысуына да байланысты екенін еске салады.

Жарақат алудың себептерінің бірі – жаттығу үдерісінің дұрыс жоспарланбауы. Екібастұздық футбол жаттықтырушысы Сұлтан Қабылқарыстың айтуынша, балаларды дайындау кезінде олардың жасын, физикалық мүмкіндіктерін және алдағы жарыстардың қарқындылығын ескеру қажет.

– Барлық баланы бірдей жаттықтыруға болмайды. Баланың қандай жүктемені көтере алатынын түсіну маңызды. Егер матч демалыс күндеріне жоспарланса, ойынға жақындаған сайын жаттығулардың қарқынын төмендету керек. Сонда спортшылар қалпына келіп үлгереді. Жарыс алдында балаларға шамадан тыс күш түсірсе, жарақат алу қаупі артады, – деп түсіндірді жаттықтырушы.

Ол сондай-ақ турнирлер алдында медициналық тексеруден өтіп, жарыс кезінде медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Олег Кольев спорттық-бұқаралық іс-шаралар медицина қызметкерінің қатысуымен өтуі керектігін айтты.

– Жарыс кезінде жарақат алған жағдайда оны сол жерде болған дәрігер тіркеуі керек. Одан кейін спортшы дене шынықтыру диспансеріне жүгіне алады. Онда оған емдеу және қалпына келтіру шаралары тағайындалады, – деді Олег Кольев.

Жетекші ауылының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі футбол жаттықтырушысы Тимур Құлатаев жаттықтырушылардың жанында алғашқы медициналық көмек қобдишасы болуы керектігін, ал ауыр жарақат алған жағдайда жедел жәрдем шақыру қажет екенін айтты.

Мамандардың ескертуінше, бала ауырсынуға қарамастан жаттығуды немесе матчты жалғастырмауы керек. Алғашында елеусіз көрінген жарақаттың өзі назар аударуды қажет етеді. Жаттығуға қайта оралу туралы шешім дәрігердің ұсынымдарына сәйкес қабылдануы тиіс.

Мамандар балалардың психологиялық қауіпсіздігіне де ерекше назар аударады. Жаттықтырушылардың пікірінше, бапкердің беделі қорқынышқа емес, кәсіби біліміне, құрмет пен сенімге негізделуі керек.

Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Мадина Жұмадиева, өзі де бұрын спортпен айналысқандықтан, тәрбиеленушілерге күш қолдануға жол берілмейтінін айтты.

– Жаттықтырушы талапшыл болып, қателіктерді түсіндіріп, дауысын көтеруі мүмкін. Бірақ балаларға күш қолдануға болмайды. Ұлдарға да, қыздарға да қатысты мұндай әрекетке жол берілмейді. Көзделген мақсат жеңіс немесе жоғары спорттық нәтиже болса да, бұл зорлық-зомбылықты ақтамайды, – деп атап өтті омбудсмен.

Оның айтуынша, жаттықтырушы спорттық біліммен қатар психологиялық және педагогикалық дағдыларды да меңгеріп, балалардың эмоциялық жай-күйін түсіне білуі және сәтсіздікке ұшыраған кезде оларға қолдау көрсетуі керек.

Мадина Жұмадиеваның сөзінше, бала құқықтары бұзылған жағдайда ата-аналар спорт ұйымының басшылығына, құзырлы мемлекеттік органдарға және бала құқықтары жөніндегі уәкілге жүгіне алады. Ал күш қолдану фактілері бойынша құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

Мамандар жарақаттанудың алдын алу спорт ұйымдарының, жаттықтырушылардың, медицина қызметкерлері мен ата-аналардың бірлескен жұмысына байланысты екеніне келіседі. Физикалық жүктемені бақылау, қалпына келу тәртібін сақтау, медициналық тексерулерден өткізу және балалардың шағымдарына дер кезінде назар аудару маңызды.

Балалар спортындағы басты қағида – жарыстың деңгейі мен спорттық мақсаттарға қарамастан, тәрбиеленушілердің денсаулығы мен қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында болуы тиіс.