«Жолдағы қабылдау»: бір күнде 200-ге жуық павлодарлық құқықтық кеңес алды

«Жолдағы қабылдау»: бір күнде 200-ге жуық павлодарлық құқықтық кеңес алды
Фото: ПД баспасөз қызметінен

Полиция қызметкерлері тұрғындардың сұрақтарына тікелей эфирде жауап беруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тікелей эфир барысында азаматтар көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу және әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәртібіне қатысты сауалдарын жолдады. Сондай-ақ автокөлікті рәсімдеу, сатып алу-сату шартын жасау, көлікті мемлекеттік тіркеу, көші-қон заңнамасы мен полиция қызметіне жұмысқа орналасу мәселелері талқыланды.

Акция тұрғындарға құқық қорғау органдарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді. Азаматтар құқықтық кеңесті бетпе-бет кездесуде де, онлайн байланыс арқылы да алды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер халықпен ашық диалог орнатып, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін жедел қарауға ықпал етеді.

– Азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнату ашықтық қағидатын тиімді жүзеге асыруға және халықпен сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тікелей эфир мазмұнды әрі серпінді өтті. Біз азаматтардың сұрақтарына толық жауап беруге тырыстық. Сонымен қатар алдағы жұмыс барысында ескеру үшін көтерілген мәселелердің тақырыбы мен сипатын назарға алдық», – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Акцияның алғашқы күніндегі нәтижелер тұрғындардың құқықтық мәселелер бойынша кеңес алуға қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.