Лайықты балама жоқ: Павлодар қаласының әкімі құмға қатысты шағымдарға жауап берді

Лайықты балама жоқ: Павлодар қаласының әкімі құмға қатысты шағымдарға жауап берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол өзінің жеке парақшасында құмның артықшылықтарына тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Хасар Хабылбеков коммуналдық қызмет саласына қатысты жолданған өтініштерді қарап отырып, көктайғаққа қарсы күресте құмды пайдалану мәселесіне байланысты шағымдар жиі түсетінін атап өтті. Сондай-ақ 2021 жылы бұл сұраққа облыс әкімі Асайын Байханов Instagram парақшасында толыққанды жауап беріп, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолағына неліктен құм себілетінін нақты түсіндіргенін еске салды. 

– «Қазіргі таңда бағасы, сапасы жағынан да құмға лайықты балама жоқ. Маған «Неліктен құмның орнына тұз себілмейді?» деп жазып жатады. Себебі, оны қолдануға болмайды. Жолға шашылған тұздың басым бөлігі топыраққа түседі. Ол жасыл желектерге кері әсерін тигізеді», – деп жазды Асайын Байханов.

Құм -10 градусқа дейінгі температурада қардың қатып қалуына жол бермейді. 

– Бұл асфальтты арнайы техникамен тазалауды жеңілдетеді. Тұрақты аяз түскенде әрі қар құрғақ бола бастағанда оны қосымша материалдарды қолданбай-ақ тазалауға болады. Сол кезде жолдарға құм себуді тоқтатамыз, – дейді Хасар Хабылбеков.

Қала әкімі павлодарлықтардан сәл шыдамдылық танытуды өтініп, уақытша құммен байланысты қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады және жолдарға құм себу жұмыстары қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқанын еске салды.